2025 жылғы 1 тамызда Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Электрондық және биржалық сауда департаменті бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп, «Атамекен» ҰКП алаңында Қазақстан Республикасының «Электрондық сауда саласындағы фулфилмент-орталықтар» ұлттық стандартының жобасын талқылады.
Электрондық сауданың қарқындап өсуі және онлайн-сату көлемінің ұлғаюы жағдайында заманауи логистикалық инфрақұрылымды дамыту ерекше маңызға ие болуда. Тиімді логистикалық шешімдердің болуы маркетплейстер мен интернет-дүкендердің тұрақты жұмысы үшін, сондай-ақ тұтынушыларға сервистің жоғары сапасын қамтамасыз ету үшін стратегиялық маңызды элементке айналады.
2025 жылға дейінгі Ұлттық стандарттау жоспарын іске асыру шеңберінде Сауда министрлігінің тапсырысы бойынша Қазстандарт елдегі фулфилмент-қызметтерді жүйелеуге және дамытуға бағытталған стандарт жобасын әзірледі. Құжат негізгі бағыттарды – логистиканы, қоймада сақтауды, тапсырыстарды өңдеуді, қаптауды, жеткізуді, өткізуді, сондай-ақ электрондық саудадағы ілеспе сервистерді қамтиды.
Стандарт жобасы фулфилмент-орталықтарды ұйымдастыруға және олардың жұмыс істеуіне қойылатын бірыңғай талаптарды белгілеуге, сол арқылы процестердің ашықтығын арттыруға, стандарттауға және электрондық коммерция нарығының барлық қатысушылары арасындағы өзара іс-қимылды оңайлатуға ықпал етуге бағытталған.
Ұсынылып отырған стандарт интернет-дүкендердің, маркетплейстердің, сондай-ақ e-commerce саласында жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің қажеттіліктеріне бағдарланған және Қазақстан Республикасында цифрлық сауданың орнықты, бәсекеге қабілетті және технологиялық тұрғыдан дамыған инфрақұрылымын қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болмақ.