Құрметті Олжас Абайұлы!
Құрметті әріптестер!
1-слайд. Мемлекет басшысы Орталық Азия мен Каспий өңірінде Қазақстанды толыққанды көлік-логистикалық хаб ретінде қалыптастыру міндетін қойды.
Осы мақсатқа қол жеткізу үшін ел шекараларында – Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей Федерациясы және Каспий аймағында – көлік-логистикалық және сауда тораптары құрылуда.
Трансшекаралық хабтарды құру мен дамытудың мақсаттары, міндеттері және тәсілдері Қазақстанның көліктік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында көзделген (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 30 желтоқсандағы № 1116 қаулысы).
Хабтарды іс жүзінде іске асыруды Премьер-Министрдің орынбасары С.М.Жұманғарин басқаратын Қазақстан Республикасының аумағында трансшекаралық хабтарды дамыту жөніндегі Жедел жұмыс тобының үйлестіруімен жергілікті атқарушы органдар Инвесторлармен бірлесіп жүзеге асырады.
Оларды құру шекара маңындағы елдермен сауда қарым-қатынастарын жеделдетіп, шикізаттық емес экспорт көлемін 30%-ға арттырады және бизнесті жүргізудегі логистикалық рәсімдерді жеңілдетеді.
2-слайд. Индустриялық сауда-логистикалық кешеннің орналасу орны ретінде Қазақстан жағындағы «Қарасу» өткізу пункті мен Қырғызстан жағындағы «Ақ-Тілек» пункттерінің маңайы таңдалды. Бұл Қырғызстанмен ең қарқынды транзиттік пункттердің бірі. Кешен «Алматы – Бішкек» бағытының бойында орналасады, бұл халықаралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы дәлізінің бір бөлігі.
Индустриялық сауда-логистикалық кешен қызметтерді сақтау, тауарларды алдын ала сату үшін дайындау, консолидациялау және көтерме партиялар бойынша қайта бөлу қызметтерін ұсынады.
Қазіргі уақытта Индустриялық сауда-логистикалық кешенінің әлеуетті резиденттер пулы қалыптасып жатыр. Оған ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, көтерме және бөлшек сауда саласындағы компаниялар кіреді.
Кешен аумағында жеңілдетілген шекаралық жүйе мен автокөлік құралдары мен жүктерді тіркеу жүйесі жұмыс істейтін болады, ал тауарлар жаңа көпір арқылы тасымалданады, бұл қолданыстағы өткізу пункттеріндегі жүктемені айтарлықтай жеңілдетуге мүмкіндік береді. Жамбыл облысы әкімдігі мен Көлік министрлігі 2025 жылы көпір салу бойынша тиісті шаралар қабылдауы қажет.
Кешенді 2026 жылға дейн іске қосу жоспарлануда.
3-слайд. «Орталық Азия» халықаралық өндірістік кооперация орталығы өңірдегі ең ірі жүк ағындарын консолидациялау, өңдеу және тарату, сондай-ақ «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізі аясында өндірістік кооперацияны дамыту орталығы болады.
Орталық «Атамекен» (Қазақстан) және «Гулистан» (Өзбекстан) бақылау-өткізу бекеттеріне жақын орналасады және өндірістік алаңдардан, сақтау қоймаларын, сондай-ақ көлік инфрақұрылымынан тұратын болады. Бұл жүк тасымалдауды жылдамдатуға, логистикалық шығындарды азайтуға, жеткізу тізбегіндегі қатысушылар санын қысқартуға, өнімнің соңғы тұтынушы үшін құнын төмендетуге және жеткізілімдердің жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді.
Орталық жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын құруды, ауылшаруашылық және өнеркәсіптік өнімдерді қайта өңдеуді, машина жасау мен металды өңдеу, фармацевтика, электротехника, химия, тері өңдеу, тоқыма және тігін өнеркәсібі саласындағы өндірісті дамытуға қолдау көрсетеді. Оған қоса, «Global Textile» компаниясының дайын тоқыма өнімдерін өндіру жобасы жүзеге асырылады.
«Орталық Азия» халықаралық өндірістік кооперация орталығының құрылуы шекара маңындағы елдермен екіжақты сауда-экономикалық қатынастардың одан әрі артуына оң әсерін тигізіп, екі елдің өндірушілері мен кәсіпкерлері арасында іскерлік байланыстарды жандандырады. Өз кезегінде, арадағы тауар айналымды алдағы 5 жылда $10 миллиардқа дейін арттыруға ықпал етеді.
4-слайд. «Еуразия» трансшекаралық сауда орталығы Орынбор, Саратов, Самара қалаларына және Ресейдің ең ірі федералды округтеріне және Шығыс Еуропа елдеріне шығатын бағыттармен байланыс орнатылған жүк ағындарының түйінді нүктесі болып табылатын – Орал қаласының әуежайына жақын аумақта орналасады.
Орталықты жүзеге асыру үшін бояулар, полимерлі жабындар, пластикалық қаптамалар/контейнерлер және 3D декор-панельдер өндірісі бойынша инвестициялық жобаларға арналған индустриалды аймақ құрылған (Казкомсервис, Mis PRO, Smart3D Technology Kazakhstan).
«Еуразия» орталығының іске қосылуы Батыс Қазақстан облысына макроэкономикалық әсер береді, яғни:
- жүк және тауарларды жеткізудің халық шаруашылығындағы үлесін 5-10% -ға төмендету;
- логистикалық шығындардың төмендеуі есебінен инфляция деңгейін төмендету;
- өндірістерді орналастыру жобаларының инвестициялық тартымдылығын арттыру.
«Евразия» трансшекаралық сауда орталығының іске қосылуы 2026 жылға жоспарланған.
5-слайд. Қорғас торабы Қазақстан Республикасының транзиттік әлеуетін кеңейтуде ажырамас элемент болып табылады, сондай-ақ Қытай Халық Республикасының «Бір белдеу – бір жол» ғаламдық концепциясының бір бөлігі болып табылады, мұнда географиялық орналасу, инфрақұрылымдық әлеует, Еуропа мен Таяу Шығыс елдеріне шығу мүмкіндігі ескеріледі.
«Қорғас торабы» жобасын жүзеге асыру инфрақұрылымдық объектілерді («Қорғас»Халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығы» Арнайы Экономикалық Аймақ, «Қорғас – Шығыс қақпасы» Арнайы Экономикалық Аймағы, «Нұр-Жолы» бақылау-өткізу пункті, «Алтынкөл» т/ж станциясы және «Құрғақ порт» т/ж терминалы) біріктіру және интеграциялау арқылы экспорт, транзит көлемдерін арттыру және өндірістік кооперацияны дамытуға бағытталған.
Қорғас торабы Қазақстан мен Қытай шекарасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға серпін береді.
6-слайд. Каспий торабы 100 миллион халқы бар Каспий маңы аймағының елдеріне (Әзірбайжан, Түрікменстан, Иран, РФ) бағытталатын болады.
Жобаның практикалық іске асуы контейнерлерді сақтауға және теміржол вагондарынан теңіз контейнерлеріне қайта тиеуге арналған алаң салу, сондай-ақ олардың сапалы өңдеу қызметтерін ұсынуды қамтиды.
Каспий торабы Қытайдан Еуропаға транзиттік жүктердің Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы арқылы көлемін арттыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ «Түркменбашы - Ақтау - ҚХР» контейнерлік желісін дамытуға жол ашады.
Каспий торабында хабтарды дамыту аясында іске асырылатын жобалардың бірі – «Ақтау теңіз портында контейнерлік хаб салу» жобасы болып табылады.
Бүгінгі таңда жобаны іске асыру бойынша жұмыстар басталды.
«Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағынан 19 гектар жер учаскесі бөлінді.
Жобаның әлеуетті инвесторы – «ГК Порт Ляньюньган» портымен инвестициялар тарту туралы келісім жасалды.
Сонымен қатар, «PSA International» (Сингапур), «Abu Dhabi Ports Group» (БАӘ), «Adani Group» (Үндістан), «Rhenus» (Германия) сияқты халықаралық компаниялар жобаны іске асыруға қызығушылық танытты.
Жобаны ҚР Көлік министрлігі Маңғыстау облысының әкімдігімен бірлесіп іске асыруда.
Ақтау портындағы контейнерлік хаб құрылысы 2025 жылдың 2-тоқсанында аяқталады.
Тағы бір жоба – Құрық портының дамуы мен өркендеуіне серпін беретін «Саржа» көпфункционалды теңіз терминалын салу.
Терминал Ақтау қаласынан 70 шақырым жерде Құрық портының аумағында орналасқан.
Жоба инвесторы – «SEMURG INVEST» компаниясы.
Жобаны іске асыру аясында жалпы қуаты шамамен 10 млн тонна болатын жалпы жүк терминалын, әмбебап терминалды, сұйық жүк терминалын, сондай-ақ көлік-логистикалық орталық пен өндірістік кешен салу көзделген.
2023 жылдың қарашасынан бастап жалпы жүк ауыстырып тиеу жұмыстары басталды, қазіргі уақытта 73 мың тоннадан астам металл мен тыңайтқыштар өңделді.
Жобаның аяқталу мерзімі – 2026 жыл.
Үкіметаралық кеңес отырысының қорытындысы бойынша Сіз Алматы облысының әкімдігіне қырғыз тарапымен бірлесіп (50/50 негізінде) Алматы маңында логистикалық орталық (көкөніс және жеміс сақтау қоймасы) құру бастамасын пысықтауды тапсырған болатынсыз.
Қырғыз Республикасы Экономика және сауда министрлігімен алдын ала келіссөздер жүргізіліп, осы жобаның келешегі талқыланды (Алматы облысында Алматы айналма жолы маңында, Бішкек-Алматы тас жолы бойындағы қолайлы жер учаскесі, сақтау қоймаларының көлемі және басқа да мәселелер).
Ауыл шаруашылығы өнімдері жобасын іске асыру аймақты Қырғызстаннан ерте және жаңа піскен жемістер мен көкөністермен қамтамасыз етуді арттырады.
Құрметті Олжас Абайұлы!
Бүгінгі таңда хабтарды құруға қажетті ұйымдастыру және өкімдік құжаттарды қабылдау бойынша іс-шаралар мен рәсімдер толық аяқталды.
Атап айтқанда, Өзбекстан және Қырғызстанмен 2 үкіметаралық келісімге қол қойылып, индустриялық аймақтар құрылды.
Шекара маңы елдерімен бірлескен өндірістерді құру және шекаралық хабтар жүйесін қалыптастыру арқылы дамушы аймақтарды құру келесі нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді:
1) ҚР-ның құрлықаралық және мемлекетаралық экономикалық дәліздер жүйесіндегі рөлін күшейту;
2) елдер арасындағы тауар айналымының өсуі және стратегиялық қатынастардың нығаюы;
3) өнеркәсіптік кооперация мен көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту;
4) ҚР-ның экспорттық әлеуетін арттыру;
5) халықаралық жүк тасымалы ағындарын қамтамасыз ету үшін заманауи мультимодальды хабтар ұйымдастыру.
Баяндамам аяқталды!