Қазір елде көкөніске деген сұраныстың артуы байқалады, нәтижесінде оның бағасы айтарлықтай өсті.
ҚР премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен сыртқы сауда саясаты және Халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында пияз бағасын тежеу мәселелері қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат inbusiness.kz ҚР премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Талқылауға мемлекеттік органдардың, "Атамекен" ҰКП, бірқатар облыстар әкімдіктерінің, Қазақстан пиязшылар қауымдастығының өкілдері қатысты. Отырыс Премьер-Министр А.Смайыловтың азық-түлік тауарларының негізгі түрлеріне бағаны ұстап тұру қажеттілігі туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында ұйымдастырылды.
Сауда желілері өкілдерінің айтуынша, пияздың бағасы маусымаралық кезеңде ең үлкен өсімді көрсетеді. Кеңеске қатысушылар сыртқы нарықтардағы пиязға сұраныстың арту факторларын, көкөністің осы түрін сақтау бойынша көкөніс қоймаларының мүмкіндіктерін, сондай-ақ көрші елдердегі ерте егін жинау бойынша болжамдарды қарастырды.
Талқылау қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктерге халықтың сұранысын толық қамтамасыз ету және бағаны ұстап тұру үшін қажетті пияздың нақты қолда бар қорларына талдау жүргізу тапсырылды. Егер талдау нәтижелері маусымаралық кезеңде пияз жеткіліксіздігінің қаупін көрсетсе, ішкі нарықты қорғау бойынша алдын ала шаралар қабылданады.
https://inbusiness.kz/ru/last/kak-v-kazahstane-zashityat-vnutrennij-rynok-luka