Келісімді ратификациялау туралы Заң жобасы бойынша
ҚР Парламенті Мәжілісінің планарлық отырысына
Сауда және интеграция министрі
Б.Т. Сұлтановтың баяндамасы
31.03.2021 жыл, сағат 10:00
Құрметті Нұрлан Зайроллаұлы!
Құрметті депутаттар!
Сіздердің қарауларыңызға бірыңғай техникалық регламенттер қабылданбаған немесе күшіне енбеген Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде өнімнің айналысы және қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидаларын көздейтін ратификациялау туралы заң жобасы ұсынылады.
Келісім.
Анықтама үшін:
Келісімді әзірлеу 2016 жылдан басталды. Келісім мәтіні ҚР Президентінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы № 230 Жарлығымен мақұлданды және 2020 жылғы 3 ақпанда ЕАЭО Кеңесінің отырысында қол қойылды.
Ратификациялау туралы заң жобасы 2020 жылғы 10 қыркүйекте ПМК-ға және 2020 жылғы 9 қазанда Мәжіліске енгізілді.
Құжаттың негізгі бағыттары Одақ аумағында айналыстағы барлық өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Біріншіден. Бұл, Одақ деңгейінде өнімге қатысты міндетті талаптар белгіленетін өнімнің бірыңғай тізбесіне енгізілмеген өнімдер;
Екіншіден. Одақтың бірыңғай техникалық регламенттері қабылданбаған немесе күшіне енбеген өнімдер.
Өнімнің бірыңғай тізбесі тұтыну және пайдалану кезінде қауіптілігі жоғары тәуекелдермен сипатталатын өнім түрлерін қамтиды.
Бұл тізбе Одаққа мүше елдердің және халықаралық тәжірибелерді ескере отырып әзірленген.
Анықтама үшін:
Бірыңғай тізбе 67 позициядан тұрады (Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының 2011 жылғы 28 қаңтардағы № 526 шешімімен бекітілген). Одаққа мүше мемлекеттердің ұсыныстары бойынша тізбе кеңейтіледі және қайта қаралады.
Бүгінгі таңда айналысқа шығарылатын өнімнің 85%-ті Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай техникалық регламенттерімен реттеледі.
Анықтама үшін:
Қазіргі уақытта 49 техникалық регламент қабылданып, оның 43-і күшіне енді.
Бұл тамақ өнімдерінен бастап, балалар индустриясының тауарлары, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау және басқа да өнімдер түрлерінің кең тауар номенклатурасына арналған техникалық регламенттер.
Осы Келісім Одақ нарығында қалған өнім көлемін, яғни 15%-тін реттейтін болады. Біз тауарлар номенклатурасына талдау жасадық. Негізінен бұл әлеуетті қауіп төндірмейтін өнімдер.
Мысалға айта кетсек, зергерлік бұйымдар, сағаттар, тұрмыстық щеткалар, жасанды зергерлік бұйымдар және т.б.
Келісім бизнес үшін әкімшілік кедергілер тудырмайтынын атап өту керек.
Қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жеткілікті шарты сынақтардың нәтижелері бойынша жарияланған стандарттарға сәйкестігі болып табылады.
Өнім туралы мәліметтерді ақпараттық базада жинақтау көзделеді. Олар тұтынушылар үшін қолжетімді және нарықтағы жағдайды зерттеу мақсатында пайдалануға ашық болады.
Бұл жаңа өнім түрлерінің пайда болуына жедел ден қоюға және тұрақты мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.
Келісімді іске асыру мақсатында тәртіпті реттейтін өнім айналысы қағидаларының жобасы әзірленді.
Анықтама үшін:
Құзырет «Техникалық реттеу туралы» ҚР Заңының шеңберінде бекітілген, 01.07.2021 жылдан бастап күшіне енеді.
Қазіргі уақытта бұл қағидалар кең бизнес-қауымдастықпен және «Атамекен» Ұлттық палатасымен талқылануда. Жалпы алғанда жан-жақты түсіністік бар.
Бүгінгі таңда Одаққа мүше үш мемлекет Келісімді ратификациялау бойынша мемлекетішілік рәсімдерді аяқтады.
Анықтама үшін:
Армения Республикасын қоспағанда, Ресей Федерациясы (30.04.2020 ж.), Беларусь Республикасы (25.06.2020 ж.) және Қырғыз Республикасы (25.09.2020 ж.) мемлекетішілік рәсімдерді аяқтады
Құрметті депутаттар!
Қорытындылай келе, осы келісімді ратификациялау айналыстағы барлық өнімнің нарықта қауіпсіз айналысын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өткім келеді.
Бұл:
мемлекет үшін - өнімнің қауіпсіз айналысын қамтамасыз етудің құқықтық шарттарына қол жеткізеді;
бизнес үшін - адал кәсіпкерлік үшін жағдай жасайды;
тұтынушы үшін – әлдеқайда сапалы өнімді таңдауға жол ашады.
Аталғанды ескере отырып Заң жобасын қолдауды сұраймын.
Назарларыңызға рақмет!