ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті «Компания ECOS» ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді.
Қазақстан Республикасының «Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы» Заңына сәйкес, аккредиттеу субъектілері жұмысын тек аккредиттеу саласында бекітілген шекте жүргізуге міндетті.
Жоспардан тыс тексеру барысында аталған салыстырып тексеру зертханасы формальдегид (HCHO) бойынша өлшеу диапазоны болмағанына қарамастан, «Politron 7000» газоаналитикалық жүйесінің 0–100 ppm HCHO диапазонында заңсыз тексеру жүргізіп, салыстырып тексеру сертификатын рәсімдегені анықталды.
Зертхананың бекітілген аккредиттеу саласында формальдегид (HCHO) бойынша 0–100 ppm аралығындағы өлшеу диапазоны қарастырылмаған.
Осыған байланысты Департамент тарапынан анықталған заңбұзушылықты жою туралы нұсқама енгізіліп, заңсыз берілген салыстырып тексеру құжаттарының күші жойылды.
Аталған заңбұзушылық салыстырып тексеру зертханасының аккредиттеу аттестатында көрсетілген Өскемен қаласындағы аумақтан тыс жұмыс орнында жасалған.
«Компания ECOS» ЖШС-не 1 218 920 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды және аккредиттеу аттестатында көрсетілген Өскемен қаласындағы аумақтан тыс жұмыс орнының физика-химиялық өлшем құралдарын салыстырып тексеру қызметі 6 айға тоқтатылды.
Компания өз кінәсін толық мойындап, салынған айыппұлды толық төледі.