Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі
Б.Т. Сұлтановтың Қазақстан Республикасы Үкіметінің
отырысында жасайтын баяндамасы
(2020 жылғы 2 наурыз)
Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!
Құрметті әріптестер!
Слайд 1. Сіздердің назарларыңызға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы және Мемлекет Басшысы тапсырмаларын іске асыру мақсатында әзірленген Сауданы дамытудың 2021-ші – 2025-ші жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарлама жобасының тұжырымдамасы ұсынылады.
Слайд 2. Бүгінде сауда экономиканың маңызды салаларының бірі болып табылады.
2019 жылдың қорытындысы бойынша оның әсері Жалпы ішкі өнімнің құрылымында 17%-тік, ал нақты өсімде 7,6%-тік үлесті құрады.
Бұл экономикалық қызметтердің барлық түрлерінің арасында көлемі жағынан екініші көрсеткіш. Құрылыс саласымен қатар өнеркәсіп және ауыл шаруашылығының дамуынан озуда.
Саланың әлеуметтік әсері орташа жалақысы 187 мың теңгеден асатын бір жарым миллион адамды жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді.
Осы айтылғандар сауда саласының даму әлеуетінің жоғары екенін және оның мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі басымдылығының маңыздылығын растайды. Бұл бірқатар жүйелі мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.
Мәселен, ішкі саудада бүгінгі күні үш түйінді проблемалар бар. Бұл саланың тиімді дамуына кедергі келтіретін 3 тапшылық:
Бірінші, заманауи сауда форматтарының аздығы;
Екінші, сауда алаңдарының жетіспеушілігі;
Үшінші, тиімді қойма орындарының шектеулігі.
Осы проблемалар делдалдардың қыруар және күңгірт желісінің қалыптасуына алып келеді.
Бұл тауарды өндірушіден тұтынушыға дейін оңтайлы тізбек бойынша жеткізуге мүмкіндік бермейді. Нәтижесінде, бүгінде біз азық-түлік бағасының негізсіз өсіп отырғанын және халықтың оларды сатып алуға айтарлықтай шығын жұмсайтынын байқаудамыз.
Слайд 3. Сонымен қатар, бүгін біз, ішкі нарықта шетелдік тауарлардың артып жатқанын көріп отырмыз. Олар негізінен сапасы төмен тауарлар. Бұл біздің азаматтарымыздың өмір сүру сапасының деңгейіне де әсер етеді.
Бүгінгі күрделі проблемалардың бірі – қабылданған 8800-ден астам ұлттық стандарттардың жартысы қажетсіз деген оймен бизнесте қолданылмайтыны. Отандық өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін сынақ базасы да жаңғыртуды қажет етеді.
Сыртқы нарықтағы отандық тауардың бәсекеге қабілеттілігі экспорттық қоржынды әртараптандырудың төмендігін көрсетеді.
Сонымен қатар, тауарлар мен қызметтер экспортын шетелде ілгерілету бойынша қалыптасқан инфрақұрылымның жоқтығы мен қойылған барьерлер сыртқы нарықтарға қол жеткізу процесін әлдеқайда қиындатады.
Слайд 4. Бұл ретте біз сауданың сыртқы және ішкі контурларына ықпал ететін трендтерді де ұмытпауымыз керек.
Ішкі нарықта шетелдік бөлшек сауда желістерінің экспансиясы байқалуда. Олардың сөрелерінде көбінесе өз елдерінде шығарылған өнімдер сатылуда.
Дискаунтерлер форматының жоқтығы, сондай-ақ өңірлік ритейлдің әлсіз дамуы да бұл бос тауашаларды шетелдіктермен толтыруға ықпал етеді.
Бүгінгі күні сыртқы сауда экономикалық өңірлендірудің күшеюі жағдайында дамып келеді. Оған Еуропалық Одақ және Азия-тынық мұхиты аймағы елдері мысал бола алады. Олардың тауар айналымының 60%-тен астам үлесі аймақ ішіндегі өзара саудаға тиесілі.
Сонымен қатар, бүгінде әлемдік сауда үшін басты тәуекелдердің бірі саудалық протекционизмді күшейту болып табылады. Бұл Дүниежүзілік банк сарапшыларының есептеуі бойынша, жаһандық тауар айналымының 9%-ке қысқаруына алып келуі мүмкін.
Слайд 5. Жалпы алғанда, біз жүргізген талдау өндіруден өткізуге дейінгі тізбекте туындайтын бірқатар проблемаларды шешу, тұтастай сауда жүйесінің қалыптасуына алып келетінін көрсетеді.
Қазірдің өзінде, индустриялық-инновациялық, агро-өнеркәсіптік кешенді дамыту мен «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламалары және Қарапайым заттардың экономикасын несиелеу іске асырылуда. Олар өндірістің қарқынды дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазіргі үрдістер мен проблемаларды сонымен қатар, сауда саласының экономикада атқаратын рөлін ескере отырып, сауданы дамытудың жаңа бағдарламасын енгізу уақыты келді.
Слайд 6. Қазақстан Республикасында 2021-ші – 2025-ші жылдар аралығында сауданы дамыту бойынша нарықты сапалы өнімдермен толықтыруды және экспорттық тауарлар мен қызметтердің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін заманауи сауда жүйесін дамыту мақсаты көзделген.
Біз 2025-ші жылы 7 макроиндикаторларға қол жеткізуді көздейміз. Олардың ең маңыздыларын атап өтсек.
Саланың жалпы қосылған құндағы көлеңкелі қызметтердің үлесін 31%-ке дейін төмендеуі, ұлттық стандарттарды қолдану деңгейін 75%-ке дейін жеткізуі және тауарлар мен қызметтердің шикізаттық емес экспортын 41 млрд. АҚШ долларға дейін ұлғайтуы.
Біз 2021-ші – 2025-ші жылдарға арналған сауданы дамытудың ұзақ мерзімді стратегиясын жоспарлау барысында 7 негізгі міндеттерді белгіледік.
Слайд 7. Бірінші, өнімнің сапасы
мен қауіпсіздігін арттыру.
Халықаралық стандарттау ұйымының ISO стандарттарына сәйкестендіру мақсатында отандық кәсіпорындардың өндірістерін сертификаттау бойынша ынталандыру шаралары әзірленеді.
Екінші, сауда саласында білікті адами капиталды қалыптастыру.
Кәсіпкерлердің құзыреттерін жоғары деңгейге жеткізу мақсатында, кадрлар даярлау жүйесі қайта қаралатын болады. Ол сауда саласындағы мамандықтардың дәрежесін арттыруға бағытталады.
Саудалық-өткізу тізбегін қалыптастыру кезеңінде құзыреттілік орталықтардың үлесі маңызды. Олар агро-өнеркәсіп кешені субъектілерін бизнесті тиімді жүргізу негіздеріне оқытатын болады.
Слайд 8. Үшінші, көлеңкедегі іскерлікті «ағартуға» мүмкіндік беретін оңтайландырылған цифрлық сауда процесін қамтамасыз ету.
Стационарлық сауда және қызмет көрсету объектілерінде бизнесті цифрландыру мәселелері пысықталатын болады.
Тауарларлардың бағасын тұрақтандыру, сонымен қатар, болашақ бағалардың сапалы болжамдау және оларды сақтандыру мәселелері биржалық сауданы дамыту шаралары шеңберінде жалғасады.
Біздің бағалауымыз бойынша, көлеңкеден шығарылған тауар айналымы бюджетке салық түсімдерін шамамен жарты триллион теңгеге ұлғайтады.
Төртіншіден, көп форматты сауда-тарату инфрақұрылымын құру.
Бұл бастаманы іске асыру үшін көтерме-тарату және агро-логистикалық орталықтар желісі құрылатын болады. Олар өндірушілерге өз өнімдерін сақтауды, қаптауды, сонымен бірге ішкі және сыртқы нарықтарға жеткізуді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Бұл ретте, көтерме-тарату орталықтары мен отандық тауар өндірушілердің арасында сервистік-дайындау орталықтары маңызды байланыстыру жұмысын атқарады.
Нәтижесінде, барлық стационарлық емес әмбебап базарлары жаңғыртылатын болады. Жалпы алаңы 7 миллионға жуық шаршы метрді құрайтын 51 мың сауда объектілері ашылады. Еліміздің өңірлерінде 15 агро-логистикалық және 6 көтерме-тарату орталықтары іске қосылады.
Слайд 9. Бесінші міндетіміз – ол қолайлы тұтыну ортасын қалыптастыру.
Көлеңкелі бизнес деңгейін төмендету және тауарлардың бағасын тұрақтандыру мақсатында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіру мен сатуға ынталандыратын шаралар қабылданады.
Біздің азаматтардың сатып алу қабілетін жақсарту мақсатында тұтынушылар құқықтарын қорғаудың толыққанды ұлттық жүйесі құрылатын болады.
Аталаған бес міндетте көзделген барлық шаралар ішкі тауар айналымы көлемін 72 триллион теңгеге жуық өсуін қамтамасыз етеді.
Слайд 10. Алтыншы міндетіміз шикізаттық емес тауарлар мен қызметтердің импортын және экспортын сапалы диверсификациялау.
Ол экспорттың жалпы көлемінде қайта өңделген өнеркәсіптік және ауыл шаруашылық өнімдерінің үлесін арттыруға, сондай-ақ белсенді экспорттаушылардың санын бір мыңға (1000) дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Осы бағытта маңызы, нысаналы және әлеуетті сату нарықтары негізінде өнімдер мен қызметтер айқындалып, басымды түрде іріктеледі.
Білім, медициналық және туристік қызметтерді ілгерілету арқылы «сервистік экономиканы» дамыту бойынша шаралар қабылданатын болады.
Жетінші міндет – ішкі және сыртқы нарықтарда отандық тауарлар өндірушілеріне қолайлы жағдай жасау.
Ұлттық сыртқы сауда саясаты экономикалық дипломатия құралдарын пайдалану, жан-жақты экономикалық интеграциялық бірлестіктердің алаңдарында ұлттық және бизнестің мүдделерін ілгерілету мен қорғау арқылы әлемдік экономикалық интеграцияға бағытталатын болады.
Бұл көршілес Орталық Азия елдерімен тауар айналымының үлесін 20%-ке дейін жеткізуге ықпал етеді.
Сонымен бірге, еркін сауда аймағы туралы келісім жасасқан елдерге өңделген өнімнің экспортын арттыруға мүмкіндік береді.
Слайд 11. Қазіргі уақытта Тұжырымдамада көзделген шаралар бойынша қажетті қаржыландыруға есептеу жұмыстары жүргізілуде.
Алдын ала есептер бойынша 5 жылға жалпы 271 млрд.теңгеге жуық қаражат қажет, оның ішінде:
- 55 млрд. теңге – экспорттық-сақтандыру мен мемлекеттік кепілдендіруге;
- 38 млрд. теңге – тауарлар экспорты мен электрондық сауданы ілгерілетуге;
- 178 млрд. теңге сауда-логистикалық инфрақұрылымының құрылысы, базарларды жаңғырту, сауда желілерін дамыту және цифрландыру үшін. Бұның ішінде болашақта тартылатын инвесторлардың қаражаты да қарастырылған.
*****
Құрметті Асқар Ұзақбайұлы, тұжырымдама жобасын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және бизнес қауымдастықтармен келісу үшін бір ай бойы белсенді кездесулер мен жұмыс жүргізілді, 40-қа жуық ұсыныстар мен ескертулердің жартысынан астамы (23) ескерілген.
Министрлік Сауданы дамытудың 2021-ші – 2025-ші жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарлама жобасын әзірлеп, оны мүдделі мемлекеттік органдармен келісу жұмыстарын ағымдағы жылдың 1-ші шілдесіне дейін аяқтауға бар күшін салады.
Назарларыңызға рахмет!