Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!
Құрметті әріптестер!
Слайд1. Бүгінгі таңда бүкіл әлемде бөлшек саудадағы электрондық коммерция нарығы дәстүрлі сауданы ығыстыра отырып, озық қарқынмен өсіп келеді. Мәселен, соңғы 2 жыл ішінде Солтүстік Америкада 10 мыңнан астам оффлайн дүкендер жабылды.
2019 жылдың қорытындысы бойынша бөлшек электрондық сауданың әлемдік көлемі 3,5 трлн. доллардан асты. Соңғы бірнеше жылда бұл көрсеткіштің жылдық өсу қарқыны 20%-тен асады. Бұл нарықта жалпы үлесі 71,3% құрайтын Қытай және Америка Құрама Штаттары көшбасшылары болып табылады,
Электрондық коммерцияда маркетплейс деген құралдарға сұраныс артып келеді. Бұған мысал ретінде Alibaba және Amazon электронды платформалары болып табылады, олар өз елдерінде онлайн нарықтарының жартысына ие.
Электрондық сауданың тағы да бір тренді – бұл көбінесе смартфондар арқылы сатып алу. Смартфондардың көмегімен сатып алушылардың үлесі бүкіл әлемде 54%-ті құрайды. Қазақстанда бұл көрсеткіш 65%-ке жақындады.
Слайд 2. Елімізде электрондық сауда нарығының көлемі 2019 жылы 1,8 есеге өсіп,
700 млрд. теңгеден асты. Электрондық сауданың бөлшек саудадағы үлесі 1%-тік пунктін қосып,
3,7%-ті құрады (2018 жылы – 2,9%). Бұл айтарлықтай өсу әлеуетін көрсетеді.
Бұл ретте, ішкі нарық қарқынды дамуда. Қазақстандық интернет-дүкендерден сатып алу көлемі 422 млрд. теңгені құрады, халықаралық интернет-алаңдары бойынша - 280 млрд. теңге.
Сатып алулар саны 40,5 миллионға дейін өсті (2018 жылы - 22,6 млн. дана). Бұл ретте ішкі нарықтың негізгі өсімі - 2,5 есеге асып - 22 млн. дана болды.
2019 жылы белсенді сатып алушылардың саны 72%-ке артып, 3,2 млн. адамды құрады
(2018 жылы - 2,3 млн. адам).
Қазақстанда 2 мыңнан астам интернет-дүкен бар. Алайда, салық жеңілдіктерін пайдалану үшін 579 интернет-дүкен ғана тіркелген. Сондықтан нарықтың реттеу рәсімдерін қатаңдатпай, осы саланың заңды қызметін ынталандыру бойынша шаралар қабылдау маңызды.
Тауарлар мен қызметтердің айналымының «ағаруын» дәлелдеу мысалы ретінде айтатын жайт, 2019 жылғы қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі 2,3 есеге артып, шамамен 14,4 трлн. теңгені құрады.
(2018 жылы-6,4 трлн. теңге).
Бұл өсім POS-терминалдардың сауда инфрақұрылымының дамуына, Қазақстан нарығына Apple Pay және Samsung Pay енуіне, банктердің клиенттеріне бонустар мен кэшбэк стимулдары арқылы ынталандыруына, сондай-ақ қоғамдық көліктің барлық түрлерінде қолма-қол ақшасыз төлемдерді белсенді қолдануға байланысты.
2019 жылы электрондық саудада 36,8 мың жаңа жұмыс орны ашылды.
Слайд 3. Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!
Сіздің тапсырмаңыз бойынша, өткен жылы Электрондық коммерцияны дамытудың
2019-2025 жылдарға арналған Жол картасы әзірленіп, қабылданды.
Бұл құжаттағы шаралар 3 бағыт бойынша құрылымдалған:
Бірінші. Электрондық саудада экспортты арттыру.
Екінші. Отандық кәсіпкерлерді электрондық саудаға тарту және инфрақұрылымды дамыту.
Үшінші. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау және электрондық сауданы ілгерілету.
Өткен жылғы жазда қойылған міндет, электрондық сауда үлесін 5%-ке дейін жеткізу болды. Алайда, Сауда және интеграция министрлігінің құрылған кезден біз талдау жүргіздік. Нәтижесінде электрондық коммерция үлесін 10%-ке дейін арттыру деген амбициялық мақсатты қоюға барлық мүмкіншілік бар деп санаймыз.
Осыған байланысты, біз қосымша шаралар қабылдадық.
Слайд 4. Біріншіден, қазақстандық компанияларды халықаралық электрондық платформаларда ілгерілету жөніндегі шаралар.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп «Интернет-экспорттаушы мектебі» бағдарламасы іске қосылды. Электрондық сауда алаңдарында бизнесті жүргізудің практикалық әдісіне 200 қатысушы оқытылды.
Бастаушы және тәжірибелі кәсіпкерлерге интернет-платформаларда ілгерілету бойынша тікелей қолдау көрсетілді. Мәселен, Alibaba халықаралық платформаға «Алтын жеткізуші» ретінде тіркеу үшін 50 компания іріктелді. Бұл премиалды мәртебесі жаһандық аудиторияға қолжетімділікті, маркетинг ішінде кешенді ілгерілету мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Жылдың аяғына дейін біз тағы 50 компанияларға осындай жәрдем көрсетуді жоспарлаудамыз.
Аталған алғашқы 50 бизнестің 22-сі бүгінгі күні платформада тіркеліп, биылғы жылы қазақстандық өнімді жалпы 28 млн. долл. сомаға сатуды, қосымша 83 жұмыс орнын құруды жоспарлауда.
Жалпы, 2019 жылы электрондық сауда арқылы қазақстандық тауарлардың экспорты қарқынды өсіп, 5 млн. долл. құрады.
Бұл жетістерді әрі қарай арттыру үшін экспорттаушылардың шығындарын өтеу Ережесінің 2-пакеті шеңберінде электрондық сауда алаңдарында тіркеуге байланысты рәсімдерді жүргізуге жұмсалған шығындардың 60%-ке дейін төлем түрінде қолдау ұсынылды.
Слайд 5. Екіншіден, Қазақстанға халықаралық платформалар тарту жөнінде шаралар қабылданды.
Өткен жылы Министрлік «Wildberries» халықаралық компаниясымен инвестициялық жобаны жүзеге асыру туралы Меморандумға қол қойды.
Оның негізгі мақсаты – аталған платформа арқылы қазақстандық тауарлардың экспортын арттыруға мүмкіндік беретін инфрақұрылымды құру және дамыту.
Wildberries компаниясы Астана халықаралық қаржы орталығының қатысушысы болып тіркелді. Бұл инвестор ретінде өзінің құқықтары мен мүдделерін қорғауға толық мүмкіндіктерді береді.
Бүгінгі таңда 21 қазақстандық компания Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армения сияқты бағыттар бойынша осы платформадағы тауардың 594 түрін сатады. Алдағы уақытта сату географиясы Еуропалық одақ елдеріне кеңейтіледі.
Инвестициялық жоба шеңберінде 14,8 млрд. теңге көлемінде инвестициялар тарту жоспарланған, олар Алматы қаласында («Алатау» инновациялық технологиялар паркі арнайы экономикалық аймағының аумағында) алаңы 50 мың шаршы метр (2021 жылдың соңына дейін) логистикалық орталықты салуға бағытталатын болады.
Инвестициялық жобаны іске асыруды жеделдету мақсатында Асқар Ұзақбайұлы, Сізді мынадай тапсырмалар беруіңізді сұраймын:
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі аталған арнайы экономикалық аймағы қызметінің басым түрлерінің тізбесіне интернет арқылы бөлшек сауданы, қоймалық қызметтерді, жүктерді көліктік өңдеуді енгізсін;
Алматы қаласының әкімдігі «Алатау» инновациялық технологиялар паркі арнайы экономикалық аймағы аумағында логистикалық орталық салу үшін жер учаскесін бөлу процесін жеделдетсін.
Жобаны іске асырудан күтілетін нәтиже – 2 500 жаңа жұмыс орнын құру, сондай-ақ отандық өндірушілердің тауарларын сақтау және жеткізу шығындарын қысқарту.
Біз тиісті Іс-шаралар жоспарын әзірлеп, Сізге бекітуге ұсындық.
Слайд 6. Үшіншіден, электрондық сауда нарығы экожүйесінің инфрақұрылымын дамыту жөніндегі шаралар.
Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан, Алматы және Ақтөбе қалаларында күн сайын 350 мыңнан астам пошта жөнелтімдерін өңдейтін 3 фулфилмент-орталық жұмыс жасауда.
2025 жылға қарай олардың саны 19-ға дейін өседі. Бұл пошта жөнелтімдері көлемін 82,8 млн. данаға дейін ұлғайтуға және 1 000 (бір мың) астам интернет-дүкендердің қызметтерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, тауар өткізу инфрақұрылымды құру шеңберінде агро-логистикалық және көтерме-тарату орталықтары желісін цифрландыру жоспарланып отыр. Мәселен, олардың негізінде фермерлер мен көтерме сатып алушылар үшін электрондық сауда алаңдары құрылады. Ақпараттық жүйе бізге тауар ағындарын қадағалауға мүмкіндік береді және теңдестірілген өңіраралық ағындарды қамтамасыз етеді.
Слайд 7. Біздің географиялық жағдайымызға сүйене отырып, трансшекаралық сауданы дамыту экономикалық өсудің зор әлеуетіне ие.
Бүгінгі күні Қытай Халық Республикасынан көрші Ресей мен Еуропалық одақ елдеріне транзиттік әлеует шамамен, тиісінше, 26 және 76 млрд. долларға бағаланады. Болжамдық деректер бойынша бұл көрсеткіштер 2025 жылға қарай, тиісінше, 77,6 және 198 млрд. долл. құрайды. Бұл жылына шамамен 4,5 млрд. жөнелтім.
Өткен жылы «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы аумағында құрылған бондты қойма арқылы Қытайдан Ресейге және Еуропалық Одақ жөнелтімдердің транзиті жолға қойылған. Ол арқылы 5 трлн. 9 млрд. теңгеге
147 мың тонна тауар тасымалданады деп күтілуде (15,4 млрд. долл.).
Тауарлар транзитін жолға қою мақсатында, қазақстандық транзиттік бағыттарды Оңтүстік-Шығыс Азия мен Еуропаны біріктіруге мүдделі сингапурлық PSA компаниясының халықаралық желісімен ықпалдастыру жоспарланып отыр.
Біз «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясымен бірлесіп, шекаралық ынтымақтастық мүмкіндіктерін тиімді пайдалану үшін Global Ports Services Pte Ltd (PSA Group мүшесі)-мен меморандумға қол қойдық.
Слайд 8. Төртіншіден, қазақстандық цифрлық сауда алаңдарын құруды қолдауға бағытталған шаралар.
Бүгінде нарықта шамамен 13 дамушы қазақстандық сауда алаңы жұмыс істейді. Kaspi.kz, flip.kz, chocofamily, mechta.kz басқа да маркетплейстер тауарлар мен қызметтердің шамамен 20 санаты бар.
Азық-түлік саудасын дамыту мақсатында «Onay Bazar» және «HappyFood.kz» электрондық платформаларын дамытуға қолдау көрсетілді. Олар тұтынушыға үйден шықпай-ақ тауар сатып алуға мүмкіндік береді. Мәселен, базардағы сәбіз 100 теңгеден сатылса, Onay Bazarда 85 теңге ғана тұрады.
Фермерлердің отандық өнімді бәсекеге қабілетті бағамен сатуы үшін «Agro Labs» платформасы әзірленіп жатыр.
Жалпы, сауданы цифрландыру азық-түлік бағасын төмендетуге, сондай-ақ баға белгілеуді ашық етуге мүмкіндік береді деп ойлаймыз.
Слайд 9. Бесіншіден, қоғамды электрондық саудаға белсенді қатысуға тарту.
Қоғамдық сауданы электрондық форматқа ауыстыру, азық-түлік тауарларының бағасын бақылау мақсатында Министрліктің қолдауымен «BTS Digital» компаниясы «PRICE SCANNER» қосымшасын әзірлеуде.
Бұдан басқа, Министрлік тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы жаңа Заң жобасы шеңберінде «бір терезе» қағидаты бойынша шағымдарды қабылдаудың Бірыңғай ақпараттық жүйесін құру көздеп отыр. Бұл жүйе тұтынушыға интернет арқылы шағым беруге және өзінің бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Слайд 10. Біз сауданы дамытудың
2021-2025 жылдарға арналған Мемлекеттік Бағдарламасы тұжырымдамасының жобасын әзірледік, ол жол картасының шараларын және біз ұсынған шараларды көздейді.
Бұл Қазақстанға экономикалық өсудің жоғары әлеуетін ұсына отырып және қазақстандық тауарларды өткізу географиясын кеңейте отырып, елдегі электрондық коммерцияны дамытуға қосымша серпін береді.
Назарларыңызға рақмет!