Саудадағы техникалық кедергілер, санитариялық және фитосанитариялық шаралар жөніндегі ақпарат орталығын құру және оның жұмыс істеу қағидаларын бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы
«Техникалық реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 30 желтоқсандағы Заңының 12-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
- Саудадағы техникалық кедергілер, санитариялық және фитосанитариялық шаралар жөніндегі ақпарат орталығын құру және оның жұмыс істеу қағидалары бекітілсін.
- Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
- Осы қаулы 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
|
А. Мамин
|
Қазақстан Республикасының
Үкіметінің
_____ жылғы ______
№ _____ қаулысымен
бекітілген
Саудадағы техникалық кедергілер, санитариялық және фитосанитариялық шаралар жөніндегі ақпарат орталығын құрудың және оның жұмыс істеуінің қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
- Осы Саудадағы техникалық кедергілер, санитариялық және фитосанитариялық шаралар жөніндегі ақпарат орталығын құрудың және оның жұмыс істеуінің қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Техникалық реттеу туралы» 2020 жылғы 30 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңының 12 – бабының 1-тармағына сәйкес әзірленді және Саудадағы техникалық кедергілер, санитариялық және фитосанитариялық шаралар жөніндегі ақпарат орталығын (бұдан әрі - Ақпарат орталығы) құру және оның жұмыс істеу тәртібін айқындайды.
- Ақпарат орталығы Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің «Қазақстан стандарттау және метрология институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының (бұдан әрі – кәсіпорын) құрылымдық бөлімшесі болып табылады және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен құрылады.
- Ақпарат орталығы өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2020 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Кодексін, Қазақстан Республикасының «Өсімдіктер карантині туралы» 1999 жылғы 11 ақпандағы, «Өсімдіктерді қорғау туралы» 2002 жылғы 3 шілдедегі, «Ветеринария туралы» 2002 жылғы 10 шілдедегі, «Техникалық реттеу туралы» 2020 жылғы 30 желтоқсандағы, «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» 2007 жылғы 21 шілдедегі, «Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты ратификациялау туралы» 2014 жылғы 14 қазандағы заңдарын, өзге де нормативтік құқықтық актілерді және осы Қағидаларды басшылыққа алады.
- Ақпараттық орталық консультациялық қызметтер көрсету және мүдделі тараптар мен шет мемлекеттерге құжаттар мен олар туралы ақпараттың көшірмелерін беру мақсатында Дүниежүзілік сауда ұйымының (бұдан әрі – ДСҰ) Хатшылығымен, ДСҰ мүшелерімен, стандарттау жөніндегі халықаралық және шетелдік ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау үшін құрылады):
- қолданыстағы немесе әзірленіп жатқан техникалық регламенттер, ветеринариялық-санитариялық және фитосанитариялық шаралар (бұдан әрі – ВСФ шаралар), стандарттау жөніндегі құжаттар, оларға өзгерістер және өнімнің, көрсетілетін қызметтің сәйкестігін растау рәсімдері;
- стандарттау саласындағы, техникалық реттеу, аккредиттеу, ветеринария және фитосанитария саласындағы, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы екіжақты және көпжақты сипаттағы халықаралық ұйымдар мен халықаралық шарттарға Қазақстан Республикасының мүшелігі немесе қатысуы;
- әзірленіп жатқан және қабылданған техникалық регламенттердің, стандарттау жөніндегі құжаттардың, ветеринариялық-санитариялық және фитосанитариялық шараларды және өнімнің, көрсетілетін қызметтің сәйкестігін растау рәсімдерін немесе олар туралы ақпаратты жариялау көздері болып табылады.
- ДСҰ хатшылығымен және ДСҰ-ға мүшелермен Қазақстан Республикасының ДСҰ-дағы міндеттемелеріне байланысты мәселелер бойынша өзара іс-қимыл Қазақстан Республикасының Сауда қызметін реттеу туралы заңнамасына сәйкес ДСҰ мәселелері жөніндегі Ақпарат орталығы арқылы жүзеге асырылады.
- Ақпарат орталығының негізгі міндеттері:
- саудадағы техникалық кедергілер (бұдан әрі – СТК) және ветеринариялық-санитариялық және фитосанитариялық (бұдан әрі – ВСФ) шараларды қолдану бойынша заңды және жеке тұлғалармен ақпарат алмасудың жедел жүйесін құру;
- СТК саласында және ВСФ шараларын қолдану бойынша ақпараттық қамтамасыз ету болып табылады.
- Ақпарат орталығы қызметінің негізгі түрлері:
- ДСҰ Хатшылығын, ДСҰ-ға мүше елдерді, Еуразиялық экономикалық одаққа (бұдан әрі – ЕАЭО) мүше мемлекеттерді, халықаралық ұйымдарды және басқа мүдделі тараптарды:
әзірлеу процестеріне байланысты хабарламалар, қабылданған (бекітілген) және қолданысқа енгізілген техникалық регламенттерге, ВСФ шараларына, стандарттау жөніндегі құжаттарға, оларға енгізілетін өзгерістер және өнімнің, көрсетілетін қызметтің сәйкестігін растау рәсімдері;
техникалық регламенттердің талаптарын, сондай-ақ ВСФ талаптарды, оның ішінде мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру нәтижесінде бұзу фактілері;
міндетті талаптарды, оның ішінде техникалық регламенттердің талаптарын бұзу салдарынан адамның өмірі мен денсаулығына, мүлікке, қоршаған ортаға, өсімдіктер мен жануарлардың тіршілігі мен саулығына зиян мен нұқсан келтіру (осы нұқсанның ауырлығын ескере отырып) фактілері;
техникалық регламенттердің талаптарын, сондай-ақ ВСФ талаптарды бұзуды жою үшін қабылданған шаралар;
халықаралық ұйымдардан және үшінші елдерден алынған, адамның өмірі мен денсаулығына, мүлікке, қоршаған ортаға, жануарлар мен өсімдіктердің тіршілігі мен саулығына қауіп төндіретін өнім;
қолданыстағы бақылау және инспекциялау рәсімдері, өндіріс пен карантин қағидалары, пестицидтер мен тағамдық қоспалардың рұқсат етілетін деңгейін мақұлдау рәсімдері;
қауіпті, бұл ретте ескерілетін факторларды бағалау, сондай-ақ ветеринариялық немесе фитосанитариялық қорғаудың тиісті деңгейін айқындау рәсімдері;
карантиндік, фитосанитариялық және эпидемиологиялық және эпизоотиялық ахуалдың және уақытша енгізілетін шаралардың нашарлауы;
анықталған және таралған карантиндік объектілер (карантиндік зиянды ағзалар);
халық арасында инфекциялық және жаппай инфекциялық емес аурулардың (улануларды) анықталуы;
адамның өміріне, денсаулығына және оның тіршілік ету ортасына қауіптілігі анықталған өнім;
бірыңғай санитариялық талаптарға сәйкес келмейтін бақылаудағы тауарлардың ықтимал келіп түсуі;
техникалық реттеу, ВСФ шаралар бойынша жұмыстарды үйлестіретін ұлттық органдар;
аккредиттеу жөніндегі орган;
сертификаттау бойынша аккредиттелген және (немесе) тағайындалған органдар және аккредиттелген сынақ зертханалары (орталықтары);
техникалық реттеу, ВСФ шаралар саласындағы мемлекеттік бақылау (қадағалау) органдары;
сәйкестікті бағалау туралы құжаттар;
техникалық реттеу, ВСФ шаралар саласындағы халықаралық құқықтық құжаттар;
өнімнің техникалық регламенттердің талаптарына сәйкестігін растау үшін ерікті негізде қолданылуы мүмкін өңірлік (мемлекетаралық) стандарттар, сондай-ақ ұлттық (мемлекеттік) стандарттар;
жануарлардың қауіпті және карантиндік ауруларының тізбесі;
ветеринариялық бақылауға жататын тауарлар тізбесі;
карантиндік объектілер мен аса қауіпті ағзалардың тізбесі;
карантиндік фитосанитариялық бақылауға жататын карантиндегі өнімдердің (карантиндегі жүктер, карантиндегі материалдар, карантиндегі тауарлар) тізбесі туралы ақпаратпен уақтылы қамтамасыз ету;
- ДСҰ-ға мүше елдердің, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің және СТК бойынша әрі ВСФ шаралар бойынша басқа да халықаралық ұйымдардың ақпарат орталықтарымен ынтымақтастықты қамтамасыз ету;
- СТК жөніндегі және ВСФ шаралар жөніндегі ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ететін дерекқор мен ақпараттық жүйелерді сүйемелдеу және қалыптастыру болып табылады.
2-тарау. Ақпарат орталығының жұмыс істеу тәртібі
- Ақпараттық орталық ДСҰ Хатшылығынан, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден және басқа да халықаралық ұйымдардан хабарламалардың келіп түсуіне қарай оларды техникалық реттеу тізілімінде хабарламалар нысанында орыс және мемлекеттік тілдерде орналастыруды жүзеге асырады.
- Ақпарат орталығы осы Қағидалардың 8-тармағына сәйкес хабарламаларды алғаннан кейін ақпараттық орталық 1 (бір) жұмыс күні ішінде оларды шет тілінен мемлекеттік және орыс тілдеріне аударуды жүзеге асырады, сондай-ақ СТК және ВСФ шаралары бойынша алынған хабарламаларға мониторинг жүргізеді.
- Ақпараттық орталық заңды және жеке тұлғалардың сұрау салуы бойынша оларды «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» 2007 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен қолданыстағы немесе әзірленетін техникалық регламенттер, ВСФ шаралар, стандарттау жөніндегі құжаттар, оларға өзгерістер және өнімнің, көрсетілетін қызметтің сәйкестігін растау рәсімдері туралы Мемлекеттік органдардың (әзірлеушілердің) ақпаратымен (түсіндірулерімен) өтеусіз негізде қамтамасыз етеді.
- Ақпарат орталығы ДСҰ Хатшылығының, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің және басқа да халықаралық ұйымдардың сұрау салуы бойынша, егер Қазақстан Республикасының ратификацияланған халықаралық шарттарында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік органдардың (әзірлеушілердің) Қазақстан Республикасында әзірленетін техникалық регламенттерге, ВСФ шараларға, стандарттау жөніндегі құжаттарға, оларға өзгерістер мен өнімнің, көрсетілетін қызметтің сәйкестігін растау рәсімдеріне ақпаратын (түсіндірмесін) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ұсынады.
- Мемлекеттік органдар осы Қағидалардың 7-тармағының
1) тармақшасында көрсетілген СТК және ВСФ шараларының қабылдану немесе басталу шамасына қарай ақпаратты Ақпараттық орталыққа дереу жібереді.
- Ақпарат орталығы СТК және ВСФ шаралар саласындағы әзірленіп жатқан нормативтік құжаттар туралы хабарламаларды шет тілінде жасайды және сауда қызметiн реттеу саласындағы уәкiлеттi органға жібереді.
- Ақпарат орталығы СТК және ВСФ шаралар жөніндегі ақпаратқа қолжетімділікті және ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында ДСҰ Хатшылығының ақпараттық ресурстарына қол жеткізе алады (wto.org).