Павлодарда жаңа піскен көкөніс өнімдері 15 пайызға қымбаттады. Егін басынан енді ғана әкелінген жаңа картоптың келісі 300-ге теңгеге жақындаған. Бұдан бөлек сәбіз, пияздың да құны аспандап тұр. Әлеуметтік маңызы бар тауар түріне жоспардан тыс тексеру жүргізген құзырлы органдар көкөніс бағасын негізсіз қымбаттатқан 10-нан астам дүкенді анықтады. Кәсіпкерлерге бірінші рет ескерту берілген. Жағдай екінші рет қайталанса, 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынбақ.
Дәулен Қабдушев, Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы: Тіпті, тауар құнын 197 пайызға дейін көтергендер бар. Мысалы, қарақұмықтың орташа бағасы 198 теңге болса, кейбір дүкендер бұны 470 теңгеге сатқан. Кәсіпкерді жауапқа тарттық. Содан кейін барып, қарақұмық бағасын 227 теңгеге түсірді. Тексеру барысында мұндай фактілер көп болды.