Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің заңнамасында есепке алу үшін ұсынылатын электрондық саудадағы тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың жалпы тәсілдерін бекітті.
Ұсыным ережелері комиссия жүргізген Одақ елдері азаматтарының ауқымды сауалнамасының нәтижелеріне негізделген және осы саладағы тұтынушылардың құқықтарын қорғау ерекшелігін айқындайтын негізгі факторларды ескере отырып қалыптастырылған.
Құжат тұтынушыға ұсынылуы тиіс тауарларды сатып алу мен қайтарудың бағасы мен шарттары туралы, сондай-ақ жосықсыз әрекеттердің сипаттамалары және электрондық саудада тұтынушылардың құқықтарын бұзғаны үшін жауапкершілікті белгілеу ерекшеліктері туралы мәліметтер тізбесін қамтиды.
Жалпы тәсілдердің ішінде электрондық саудада тұтыну құқықтарын қорғау стационарлық сауда үшін ЕАЭО елдерінде көзделгеннен төмен емес деңгейде қамтамасыз етілуі тиіс деген ереже бекітілді. Сондай-ақ, тұтынушылардың құқықтарын сақтау электронды сауда алаңы мен тауарларды Интернетте сататын сатушының міндеті болып табылады. Тұтынушылардың құқықтарын бұзғаны үшін жауапкершілік интернет-дүкеннің қызметі бағдарланған тұтынушы елдің заңнамасына сәйкес белгіленуге тиіс. Электрондық сауда алаңдары интернет-дүкендердің тұтынушылардың құқықтарын сақтауы бойынша шаралар қабылдауы және олар мен тұтынушылар арасындағы дауларды шешуге жәрдемдесуі тиіс.
Сонымен қатар, құжатта электрондық саудадағы дауларды шешудің ұсынылған негізгі тәсілдері бар. Осылайша, тұтынушыға электрондық сауда арқылы сатып алынған тауарды бергенге дейін кез келген уақытта, ал тауарды бергеннен кейін – күнтізбелік он төрт күннен кем емес мерзімде бас тарту мүмкіндігі берілуге тиіс. Тұтынушы төлеген ақша сомасын қайтару мерзімдері тұтынушы тиісті талап қойған күннен бастап күнтізбелік жеті күннен аспауға тиіс. Интернет-дүкен тұтынушының шағымын ол ұсынылған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде қарауы керек.
Комиссияның ұсынымы Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын, сондай – ақ Одаққа мүше мемлекеттердің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы бірлескен іс-қимыл бағдарламаларын орындау мақсатында әзірленді және азаматтардың тұтыну құқықтарын қорғау кепілдіктерін арттыруға және мүше мемлекеттердің осы саладағы заңнамасын жақындастыруға бағытталған.