Осы жылдың басынан бері елорданың Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне тұрғындардан 2 579 өтініш келіп түсті. Елорданың коммуникациялар қызметінде өткен брифингте департамент басшысы Нұрғали Егембердиев азаматтардың мәселелері қалай шешіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
ЕOtinish платформасы және электрондық үкімет порталы арқылы 1196 өтініш түсті. 900-ге түсініктеме берілді, оның ішінде 109 өтініш құзыреті бойынша басқа мемлекеттік органға жіберілді, 120 өтініш келесі айға ауыстырылды, 150 жағдайда тұтынушылардың мәселесі реттелді.
Telegram Bot арқылы 448 өтініш келіп түсті, олар бойынша тұтынушыларға олардың сұрақтарына түсініктемелер берілді.
«Азаматтарды жеке қабылдау барысында 340-тан астам тұтынушы қабылданды, 313 жағдайда тұтынушылардың өтініштері жұмысқа тіркелді. Қабылданған өтініштердің 118-і бойынша түсініктемелер берілді, 40 өтініш құзыреті бойынша басқа мемлекеттік органға жіберілді. Жедел желі телефонына тұтынушылардың 475-тен астам қоңырауы келіп түсті, әрбір сұраққа түсініктеме мен маманның сауатты кеңесі берілді», - деді спикер.
Осылайша, жарты жыл ішінде тұтынушыларға қайтарудың жалпы сомасы 13,790 млн теңгені құрады.
Салалар бойынша өтініштердің сипаты:
- бөлшек сауда қызметтері саласында – 1093;
- қоғамдық тамақтану саласында – 67;
- тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметтері саласында – 110;
- тұрмыстық қызмет көрсету саласында – 573;
- медициналық қызметтер саласында – 19;
- туристік қызметтер саласында – 74;
- қаржылық қызметтер саласында – 40;
- байланыс қызметтері саласында – 50;
- білім беру қызметтері саласында – 58;
- көлік қызметтері саласында – 58;
- электрондық сауда саласында – 527;
- басқалары – 239.
2023 жылы мұндай бұзушылықтар үшін бизнестің 21 субъектісі жауапқа тартылды, атап айтқанда ҚР ӘҚБтК 190-бабының 5-бөлігі 3 «ескерту» түріндегі әкімшілік жазаға.
«Тұтынушыларды ақпараттандыруды, консультация беруді және ағартуды жүзеге асырамыз. Мамандар жедел желі телефоны бойынша кеңес береді, шағым хаттарын жасауға көмек көрсетеді. Сонымен қатар, тұтынушыларға ыңғайлы болу үшін қаланың барлық кәсіпкерлерін «е-tutynushy» бірыңғай ақпараттық жүйесіне тіркелуге шақырамын»,-дейді департамент басшысы.