Петропавл. ҚазАқпарат-Солтүстік Қазақстан облысындағы сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті жыл басынан бері 303 өтініш қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Департамент басшысы Лазьм Мияшева Қоғамдық кеңестің отырысында тұтынушылардың бөлшек және электрондық сауда салаларындағы құқықтары ең көп бұзылатынын атап өтті. Тұрмыстық қызметтер шағымдардың тек 3% құрайды.
"Биыл өтініштерді қарау қорытындысы бойынша тұтынушыларға 9,1 млн теңгеден астам ақшалай қаражатты қайтаруға көмек көрсетілді. Әкімшілік жаза қолдану туралы 17 қаулы шығарылды. Кәсіпкерлік субъектілері 446,7 мың теңге көлемінде айыппұл төледі. Жеті әкімшілік іс бойынша жаза қолдану туралы қаулыны жоғары тұрған мемлекеттік орган жойған жоқ және қазіргі уақытта сотқа шағымдануда", - деді Л.Мияшева.
Оның айтуынша, департамент әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына үнемі мониторинг жүргізеді. Оның құзыретіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің мөлшерінен асып кету және кәсіпкерлік субъектілерін әкімшілік жауапкершілікке тарту фактілері бойынша жоспардан тыс тексеру нысанында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кіреді.
"Биылғы жылы әлеуметтік маңызы бар өнімдерге сауда үстемесінің мөлшерінен асып кету мәселесіне қатысты екі ғана өтініш келіп түсті. Бұл ретте бір өтініш бойынша материалдар Астанаға жіберілді, себебі онда бұзушылыққа жол берген өнім беруші тіркелген. Екінші өтініш бойынша біз растайтын құжаттардың жеткіліксіздігіне байланысты тексеру тағайындау туралы актіні тіркеуден бас тарттық. Департамент сатушымен түсіндіру жұмыстарын жүргізді", - деді Л.Мияшева.