
Дүниежүзілік стандарттар күнін мерекелеу аясында ҚР ИДМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментімен РМК «ҚазСтИн» филиалы бірлесе отырып Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде «Инженерия» факультетінің оқытушылары мен студенттеріне арналған семинар-дәріс өткізді. Іс-шараны өткізудің мақсаты стандарттау саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, жетістіктерге жеткен мекемелердің білікті мамандарын шақырып, студенттерге өз тәжірибелерімен бөлісе отырып, стандарттау саласындағы білімін арттыру болып табылады.
2018 жылғы халықаралық стандарттар күнінің ұраны – «Халықаралық стандарттар және төртінші өнеркәсіптік революция».
Іс-шараны «Инженерия» факультетінің деканы Шара Джумагазиева ашты. Техникалық реттеу және метрология комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департамент басшысы Тлектес Атчибаева құттықтау сөз сөйлеп, жиынға қатысушылармен таныстырды. Іс-шарада «Халықаралық стандарттар және төртінші өнеркәсіптік революция» туралы РМК «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» Маңғыстау филиалының директоры м.а. Әсел Конакбаева айтып өтті. Сонымен қатар, «Маңғыстау өңіріндегі индустрияландыруды дамыту жөніндегі» баяндамасымен Техникалық реттеу және метрология комитетінің Маңғыстау облыстық департаментінің бөлім басшысы Жетибай Акмаганбетов сөз сөйледі. Жиынға қатысушылардың назарына төртінші өнеркәсіптік революция, оның мәні, бүкіл әлемде және елімізде күтілетін өзгерістер жөнінде бейнероликтер көрсетілді.
Іс-шара барысында РМК «ҚазСтИн» Маңғыстау филиалының мамандарымен «Стандарттау туралы» ҚР-ның жаңа заңы алғашқы рет таныстырылып, Заңда бекітілген стандарттаудың мақсаттары, принциптері мен міндеттері, стандарттау бойынша құжаттардың түрлері туралы, сондай-ақ халықаралық, өңірлік және шетелдік стандарттардың қолдануына ерекше назар аударылды.
Іс-шара соңында стандарттау саласының дамуына қосқан үлестері үшін өндіріс орын мамандары алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ Техникалық реттеу және метрология комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департамент басшысы Тлектес Атчибаева университет басшылығына, профессорлық-оқытушылар құрамына стандарттар дамуына қосқан үлесі, стандарттау шеңберінде өткізілетін мерекелік шараларға белсенді қатысқаны үшін өз ризашылығын білдірді.

