ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АВТОТАСЫМАЛДАУШЫЛАРҒА ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАУДЫ ҚАРАСТЫРАТЫН ЗАҢ ЖОБАСЫ МӘЖІЛІСТЕ ҚАРАЛДЫ.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АВТОТАСЫМАЛДАУШЫЛАРҒА ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАУДЫ ҚАРАСТЫРАТЫН ЗАҢ ЖОБАСЫ МӘЖІЛІСТЕ ҚАРАЛДЫ.

Халықаралық автокөлікпен  тасымалдаушыларға қолайлы жағдай жасау туралы ШЫҰ мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы Келісімді ратификациялау  Қазақстанға ашық теңізге шығуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ел аумағы арқылы автокөлікпен тасымалданатын транзиттік жүктің көлемін 2020 жылға қарай 3 млн. тоннаға дейін арттыруға жағдай жасайды. Бұл туралы бүгін Мәжілісте тиісті заң жобасын талқылау барысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев хабарлады. Оның айтуынша, заң қабылданған жағдайда Қытайдың Шығысынан Батыс Еуропа (100 млн.долл) бағытындағы қазақстандық тасымалдаушылардың рейстерінің саны артады. Автокөлік жолдарының ақылы болуы және Қазақстан аумағы арқылы автокөлікпен  транзиттік жүк тасымалының артуы ел бюджетіне қосымша қаржы түсіруді қамтамасыз етеді.

Келісім квоталық рұқсат жүйесі негізінде жүк көліктері тасымалын ШЫҰ елдері арасындағы келісілген бағыттар бойынша іске асыруды қарастырады. Құжат бойынша 6 бағыт белгіленді. Оның 4-і Қазақстан аумағы арқылы өтеді.

Халықаралық автотасымалдау келесі бағыттар бойынша және мемлекеттік шекаралардың  келесі өткізу пункттері арқылы жүзеге асады:

1) Барнауыл-Веселоярск (Ресей Федерация)/ Ауыл (Қазақстан Республикасы)- Семей- Бақты (Қазақстан Республикасы)- Бахту (ҚХР)- Тачен- Куйтунь-Үрімші.

2) Санкт-Петербург-Орынбор-Сагарчин (Ресей) /Жайсаң (Қазақстан)-Ақтөбе- Қызылорда-Шымкент-Тараз-Алматы-Қорғас (Қазақстан) /Қорғас(ҚХР)Үрімші- Ляньюньгань.

3) Үрімші-Қашқар - Қарасу (ҚХР/Кульма (Тәжікстан)-Мургаб-Хорог- Душанбе (Вахдат)

4) Үрімші-Қорғас(ҚХР)/Қорғас(Қазақстан)-Алматы-Тараз-Шымкент-Қонысбаева (Қазақстан)/Яллама (Өзбекстан)-Чиназ.

5) Қант АПП «Ақ-Тілек» (Қырғызстан)/Қарасу(Қазақстан Республикасы)-Тараз-Шымкент-Кызылорда-Актөбе-Жайсаң (Қазақстан)/Сагарчин (Ресей)-Орынбор-Санкт-Петербург.

6) Ат-Башы (Қырғызстан)/Туругарт(ҚХР) Қашқар- Үрімші- Ляньюньгань

Сондай-ақ, әрбір бағытты ашудың мерзімі белгіленді. Аталған бағыттар 2020 жылдан кешіктірілмеуі керек.  «Келісім күшіне енгеннен кейін ШЫҰ мүше мемлекеттердің тасымалдаушылары белгіленген бағыттар бойынша, оның ішінде Қытайдың Шығысындағы Ляньюньган портынан Батыс Еуропаға дейінгі аралықта қызметтерін жүзеге асыруға мүмкіндік алады. Қазақстандық бизнес портта жүк жинайтын логистикалық терминал орталығын іске қосты. Бұл Қытайдың шығысында  қазақстандық тасымалдаушылардың жүктерін тиеуді қамтамасыз етеді - деп атап өтті Әсет Исекешев.

                                                                          

ҚР ИДМ Баспасөз-қызметі


БІЗДІҢ ЖАҢАЛЫҚТАРЫМЫЗҒА ЖАЗЫЛҒЫҢЫЗ КЕЛЕДІ МЕ?