
2014 жылғы маусымдағы Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) валидациялық миссиясының ұшу жарамдылығына қатысты қорытындысы бойынша ескертулері алынып тасталды. ҚР ИДМ Азаматттық авиация комитеті қызметінің ИКАО стандартына сәйкестілігі 47% -тен 65% өсті. Бұл туралы комитет төрағасы Бекен Сейдахметов хабарлады. Жалпы әлемдік орташа көрсеткіш 60%. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Ендігі мақсат 2020 жылы 80% дейін жеткізу-деп атап өтті Астанада өткен баспасөз мәслихатында Азаматтық авиация комитетінің төрағасы. Оның айтуынша, «ИКАО-ның техникалық ынтымақтастық бюросының сарапшыларымен бірге барлық әуекомпанияларын қайта сертификаттау жүргізілді. 2009 жылы қазақстандық әуекомпаниялардың саны 70 болса, 2014 жылы 45-ке дейін қысқарды.
Тәжірибе алмасу мақсатында Түркия, Францияның авиация басшылығымен ұшу мерзімін қолдау бойынша бірлескен жұмыстар ұйымдастырылды» - деп атап өтті ҚР ИДМ Азаматттық авиация комитетінің төрағасы Бекен Сейдахметов. Барлық кемшіліктер жойылғандықтан «Эйр Астана» АҚ-на Еуропалық одақ елдеріне ұшуға қойылған шектеу 2014 жылы алынып тасталды. Азаматтық авиация комитеті ИКАО-ның сенімділікті тексеру миссиясын өткізуге дайын екені туралы хат жіберді.
Елімізде республикалық және облыстық маңыздағы 18 әуежай бар. Оның ішінде 13 әуежайдың ұшып-қону жолақтарына қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. (Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Павлодар, Астана, Ақтау, Алматы, Карағанды, Шымкент, Жезқазған, Тараз, Талдықорған, Көкшетау). Ал Семей, Қостанай, Өскемен қалаларындағы әуежайлардың ұшып-қону жолақтарын 2020 жылға дейін қайта жөндеу көзделіп отыр-деп атап өтті Бекен Сейдахметов.
Мемлекет басшысының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауы аясында Астана әуежайының жолаушылар терминалын қайта жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр. Ондағы мақсат әуежай терминалының өткізу мүмкіндігін сағатына 750 жолаушыдан 1750 жолаушыға дейін арттыру немесе жылына 7 млн. жолаушыға дейін жеткізу.
Сондай-ақ, биыл Тараз әуежайының жолаушылар терминалын және Орал әуежайының ұшып-қону жолағын қайта жөндеу жұмыстары аяқталады. Ал келесі жылы Петропавл әуежайының ұшып-қону жолағы жөнделіп, пайдалануға беріледі.
ҚР ИДМ баспасөз-қызметі