
Қызылордада «Топырақтың агрохимиялық талдауы, тыңайтқыштың сапасы - жоғары өнімділік және өнім сапасының кепілі» тақырыбында «дөңгелек үстел» отырысы өткізілді. Оның ұйымдастырушылары - Техникалық реттеу және метрология комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті, «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ-ы Қызылорда филиалы. Іс-шараға облыстық және аудандық ауыл шаруашылығы басқармалары, Ы. Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты, фермерлік және шаруа қожалықтары өкілдері, жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты - агрохимия саласында өзара тиімді ынтымақтастықты жандандыруға, сондай-ақ сынақ нәтижелерін тиімді пайдалану саласында бірлескен жобаларды әзірлеуге арналған алаң құру болып табылады.
«Жоғары өнімділік пен жоғары сапалы өнім алу үшін тек қана аккредиттелген сынақ зертханалары топырақ үлгілерін тексере алады», - деп атап өтті «ҰССО» АҚ-ы Қызылорда филиалының директоры Ерманхан Қамбаров.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің жаратылыстану факультетінің деканы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Самалбек Қосановтың өз сөзінде, топырақты агрохимиялық талдау үшін тыңайтқыштардың нормалары мен түрлерін дұрыс есептеудің маңыздылығы мен қажеттілігін атап өтті.
Дөңгелек үстелдің соңында сынақ зертханасы мамандарымен агрохимиялық зерттеу әдістемесіне түсініктеме беріліп, қатысушыларға кальций мен фосфор сияқты элементерді топырақ құрамынан анықтау әдістерін көрсетті.


