
Алғаш рет, ZOOM қосымшасы арқылы қашықтан онлайн форматта 2020 жылдың 19 маусымында «2020 жылдың үздік жас метрологы» конкурсы өткізілді. Бұл байқау жыл сайын 20 мамырда атап өтіледі, алайда коронавирустық инфекцияның таралуына, елдегі төтенше жағдайға және кейіннен ұзақ карантинге байланысты конкурс кейінге ауыстырылды.
Конкурс жас метрологтарды қолдау және ынталандыру, шығармашылық қабілеттерін дамыту және метрология саласында білікті кадрларды даярлау мақсатында Қазақстан Республикасының Техникалық реттеу және метрология комитетімен бекітілді.
Жүлделі орындар үшін күресте қатысушылар байқаудың екі кезеңінен өтті. Бірінші кезеңде қатысушыларды іріктеу және ұсынылған ғылыми жұмыстарға сараптамалық бағалау жүргізілді. Сараптама комиссиясы 14 өтінімді қарап, жұмысты келесі критерийлер бойынша бағалады: тақырыптың өзектілігі, ғылыми жаңалығы, бірегейлігі, рәсімдеу сапасы, ғылыми көзқарас және негізділік, зерттеулердің сабақтастығы, автордың жеке үлесі және практикалық маңыздылығы.
Екінші кезеңде сараптау комиссиясы қатысушылардың баяндамаларын тыңдап, келесі критерийлерді бағалады: баяндамаларды ұсыну сапасы, презентация сапасы, зерттеудің өзіндік орындалуы, автордың жеке үлесі.
Салтанатты онлайн іс-шараны «Қазақстан метрология институты» РМК бас директоры Т.Д. Тоқанов ашып, конкурсқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Іс-шараға Қазақстандағы метрология саласындағы үздік мамандар мен сарапшылар, атап айтқанда «Сәйкестікті бағалау жөніндегі органдардың Қазақстандық қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Сүтемгенов Д.Б., Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Стандарттау және сертификаттау» кафедрасының меңгерушісі Байхожаева Б.У., С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің «Стандарттау, метрология және сертификаттау» кафедрасының меңгерушісі Құрманғалиева Д.Б., Үлбі металлургиялық зауытының бас метрологы В.Ф. Семенов, «Қазмырыш-Автоматика» өнеркәсіптік кешенінің бас метрологы Ж.Р. Нұғыманов, сондай-ақ «ҚазМетрИн» РМК басшылығы мен қызметкерлері қатысты.
Конкурстың көптен күткен қорытындылары жарияланды.
«2020 жылдың үздік жас метрологы» конкурсының жеңімпазы «Радионуклидтердің белсенділік бірліктерінің қайталама эталонын, альфа және бета - бөлшектер ағынының ағыны мен тығыздығын әзірлеу» тақырыбына баяндама жасаған «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ Алматы филиалының Иондаушы сәулеленуді өлшеу құралдарын тексеру және калибрлеу бөлімінің бастығы Мамырбек Н.К. болды.
2-орын «Әр түрлі температуралық жағдайдағы координаталық-өлшеу машиналарын өлшеу нәтижелерінің белгісіздігін талдау» тақырыбындағы баяндамасы үшін «Мәңгілік ел Innovations» ЖШС техникалық директоры М.Ж. Мұсатаевқа берілді.
Байқаудың ең жас қатысушысы, «ҚазМетрИн» РМК № 2 зертханасының сарапшысы, талантты инженер А.Қ. Жұмағали «Дисперсиялық талдау арқылы анықталмағандық бағасымен стандарттық үлгілерді аттестаттау» тақырыбындағы баяндамасы үшін үшінші орынды иеленді.
Жеңімпаздар мен қатысушыларға дипломдар, естелік сыйлықтар мен алғыс хаттар табыс етіледі.
Қалыптасқан тәжірибеге сәйкес, «2020 жылдың үздік жас метрологы» байқауының жеңімпазы «КООМЕТ үздік жас метрологы» беделді халықаралық байқауына Қазақстанның атынан баратын болады. Бұл байқау екі жылда бір рет өткізіледі және 2021 жылы Германияда өтеді. Осы конкурстың ұйымдастырушысы Ұлттық метрологиялық мекемелердің Еуроазиялық ынтымақтастығының аймақтық метрологиялық ұйымы болып табылады.