МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР - ТӘУЕЛСІЗДІК СИМВОЛЫ

МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР - ТӘУЕЛСІЗДІК СИМВОЛЫ

Биыл еліміздің тәуелсіздігіне жиырма жеті жыл. Елдің тәуелсіздігін және егемендігін айқындайтын белгілер – Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Гимні. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері 2007 жылғы 4 маусымдағы № 258 Конституциялық заңымен реттеледі. Мемлекеттік рәміздерді дайындауға қойылатын талаптар ҚР СТ 988-2007 «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы. Жалпы техникалық шарттар» және ҚР СТ 989-2014 «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы. Техникалық шарттар»  ұлттық стандарттарында белгіленген.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін дайындау ұлттық стандарттар бойынша орындалады. Мемлекеттік рәміздерді жасап шығару арнайы қызмет болғандықтан, лицензияның болуын талап етеді. ҚР СТ 989-2014 «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы. Техникалық шарттар» және ҚР СТ 988-2007 «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы. Жалпы техникалық шарттар» ұлттық стандарттарында рәміздерге қойылатын жалпы техникалық талаптар, қабылдау ережелері, бақылау әдістері, тасымалдау және сақтау шарттары қарастырылады.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылғы 26 қазандағы  № 569 «Қазақ әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығын бекіткен болатын. Осыған байланысты,  Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті Техникалық реттеу және метрология жөніндегі Ғылыми-техникалық комиссиясының 2018 жылғы 12 қыркүйектегі №13 хаттамасы негізінде ҚР СТ 989-2014 «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы. Техникалық шарттар» ұлттық стандартына № 1 өзгеріс енгізіліп, 2018 жылғы 1 қарашадан бастап күшіне енді. Осылайша Мемлекеттік Елтаңбасындағы «ҚАЗАҚСТАН» cөзі латын графикасында «QAZAQSTAN» болып стандарттың барлық мәтіні бойынша өзгеріс енгізілді.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру бойынша өтпелі кезең 2022 жылғы 1 қаңтарға дейін белгіленді.

Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу, азаматтардың мемлекет тәуелсіздігін құрметтеуді нығайтып, жасөспірімдердің отансүйгіштік сезімін қалыптастыру мақсатында, ҚР ИДМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің Маңғыстау облысы бойынша Департаменті және Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты РМК Маңғыстау филиалымен, Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасымен бірлесіп қала және аудан орталықтарында ҚР Мемлекеттік Рәміздерін қолдану, орналастыру тәртібіне және ҚР СТ 989 «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы», ҚР СТ 988 «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы» ҚР ұлттық стандарттары бойынша әдістемелік түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Түсіндіру жұмыстары барысында мемлекеттік рәміздер арнайы мемлекеттік заңдар мен ұлттық стандарттарға сәйкес дайындалатыны, оларға қойылатын талаптар реті, оларды қолдану және орналастыру тәртібі, сонымен қатар соңғы енгізіліп жатырған өзгерістер мен толықтырулар туралы жалпы ақпараттар берілді. Осындай түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде біз жастардың Отанға деген, оның тәуелсіздік нышандарына деген құрмет сезімі, патриотизм рухы арта түсетіндігіне сенеміз.