АУРУЛАРДЫҢ ДИАГНОСТИКАСЫ МЕН АЛДЫН АЛУ КЕЗІНДЕ ӨЛШЕМ БІРЛІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДІҢ РӨЛІ

 АУРУЛАРДЫҢ ДИАГНОСТИКАСЫ МЕН АЛДЫН АЛУ КЕЗІНДЕ ӨЛШЕМ БІРЛІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДІҢ РӨЛІ

Стресстер, теңгерілмеген тамақтану, зиянды әдеттер, жеткіліксіз дене белсенділігі созылмалы бұзылуларға, ауруларға немесе мүгедектікке әкеледі.

Ауруларды диагностикалау және алдын алу кезінде заманауи диагностикалық және зертханалық жабдықтармен жабдықтау дәрігерлерге аурулардың диагнозын дәл белгілеуге және халыққа тиімді емдеуді тағайындауға мүмкіндік береді.

Аурулардың диагностикасы, алдын алу және емдеу кезінде өлшеудің дұрыс нәтижелерін қамтамасыз ету өлшем бірлігін қамтамасыз ету және аккредиттеу саласындағы заңнаманың негізгі мақсаты болып табылады.

Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы заңнама талаптарын сақтау мақсатында Техникалық реттеу және метрология Комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті медициналық мекемелердің өкілдерімен ақпараттық-түсіндіру сипатындағы бірқатар іс-шаралар өткізді.

«Кристина» медициналық орталық қызметкерлері үшін семинардың басты тақырыбы «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» Қазақстан Республикасының Заңына енгізілген өзгерістер және ҚР СТ ISO 15189-2015 «Медициналық зертханалар. Сапаға және құзыреттілікке қойылатын талаптар» болды.

Мамандар мемлекеттік метрологиялық бақылау нәтижелері азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауды қамтамасыз ету жұмыстарында пайдаланылатын өлшемдерге қолданылатынын түсіндірді.

Еске сала кетейік, ҚР СТ ISO 15189-2015 медициналық зертханалардың құзыреттілігі мен сапасына, оның ішінде аккредиттеу кезіндегі өлшеу құралдарына қойылатын талаптарды, өлшеу құралдарын, оның ішінде қанның биохимиялық анализаторларын, гематологиялық анализаторларын және т.б. салыстырып тексеруді (калибрлеуді) жүзеге асыру үшін стандартты үлгілерді қолдану тәртібін және медициналық мақсаттағы өлшеу құралдарымен қамтамасыз етілуін белгілейді.

Сонымен қатар Департамент мамандары мемлекеттік метрологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды тұлғалардың құқықтары мен міндеттерін және Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз ету және аккредиттеу туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік туралы түсіндірді.

Осындай іс-шара Жезқазған қаласының № 1 емханасының, «Қарағанды қаласының № 5 емханасы» КМК қызметкерлері үшін де өткізілді.

Заңнамаларды талқылау қорытындысы бойынша нәтижелі пікір алмасып, қатысушылар қойған сұрақтарға толық жауаптар берілді.