Техникалық реттеу жүйесі арқылы өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету немесе нарықты қорғау

Техникалық реттеу жүйесі арқылы өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету немесе нарықты қорғау

       

           Біз, күн сайын отандық және импорттық өнімнің тұтынушылары болып табыламыз және оның сапасына, қауіпсіздігіне назар аударып, тұтынушы үшін ақпаратпен, яғни өнімнің таңбалануымен танысамыз. Көбінесе таңбалаудағы ақпарат өнімнің қауіпсіздігі мен сапасына қатысты тұтынушыларды жаңылыстыруы мүмкін немесе ол мүлдем жоқ, сондай-ақ өнім сертификатсыз және сәйкестік туралы декларациясыз сатылатынына куә болып отырмыз.

           Мұндай бұзушылықтардың алдын алу, анықтау, жолын кесу үшін Техникалық реттеу саласында мемлекеттік бақылау және қадағалау жүзеге асырылады. Ал өнім - оған қатысты техникалық регламенттер қолданысқа енгізілген мемлекеттік бақылау және қадағалау объектісі болып табылады. Бүгінгі күні Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде 49 техникалық регламент және Қазақстан Республикасының 24-і қолданысқа енгізілді.

2021 жылғы 01 шілдеден бастап "Техникалық реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгізілді, ол өнімге, онымен байланысты процестерге, қызметтер көрсетуге қойылатын талаптарды белгілеу, орындау кезінде туындайтын техникалық реттеу қағидаттарын белгілейді, сондай-ақ мемлекеттік техникалық реттеу жүйесінің жұмыс істеуінің құқықтық негіздерін айқындайды.

Осы міндетті қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Қарағанды облысы бойынша Департаментіне мемлекеттік бақылау және қадағалау жүргізу өкілеттігі берілген, олар бармай профилактикалық бақылау және қадағалау, бару арқылы профилактикалық бақылау және қадағалау, сондай-ақ мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық, ветеринариялық-санитариялық, карантиндік-фитосанитариялық бақылау және қадағалауға жататын өнімді қоспағанда, өнімге қатысты жоспардан тыс тексерулер болып бөлінеді.

Қазақстан Республикасының аумағында техникалық регламенттер өзіне қатысты қолданысқа енгізілген, сәйкестікті бағалаудан өтпеген, сондай-ақ сәйкестікті бағалау туралы құжаттарсыз немесе техникалық реттеу тізілімінде немесе Еуразиялық экономикалық одақтың сәйкестікті бағалау туралы берілген немесе қабылданған құжаттарының бірыңғай тізілімдерінде осындай құжаттардың бар-жоғы туралы мәліметтер болмаған кезде өнімді айналысқа шығаруға тыйым салынатынын атап өту маңызды.

2021 жылдың екінші жартыжылдығында Департаментпен өнімнің келесі түрлеріне бармай-ақ 46 профилактикалық бақылау және қадағалау жүргізілді: кабель өнімдері, өртке қарсы клапандар, жанар-жағармай материалдары.

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2021 жылғы 21 мамырдағы № 348-НҚ бұйрығымен бекітілген "Өнімді таңбалауға қойылатын талаптар" техникалық регламентінің талаптарын бұзғаны үшін 3 субъект "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 415-бабы 1-бөлігінің 1-тармағы бойынша жалпы сомасы 1 137 630 теңгеге айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.