
«Техникалық реттеу және метрология Комитеті Департаменті» ШҚО бойынша Семей бөлімі және «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» Семей қаласы бойынша өкілдігінің мамандары бірігіп, кәсіпорынның материалдық-техникалық базасын, ғылыми-техникалық жағдайын және сынақ базасының жабдықталуын анықтау мақсатында «Семей ет комбинаты» ЖШС-не барып қайтты.
«Семей ет комбинаты» ЖШС - малдың барлық түрлерін өңдеу және ет, шұжық және консерві өнімдерін өндіру бойынша мамандандырылған кәсіпорын. Ет өңдеу және ет өнімдерін өндіру бойынша жаңа технологиялық желі іске қосылған. Жаңа технологиялық желіге құны 215 млн. теңге тұратын австриялық «Шаллер» компаниясының 22 жабдық бірлігі орнатылды, бұл зауыттың әлеуетін арттыруға мүмкіндік берді. Ет консервілері өнімдерін шығаратын зауыттың өндірістік қуаты ауысымына 35 мың консерві құтысы, шұжық өнімдерін, ет және түшпара өндіру - бір ауысымда 10 тонна. Озық жабдықтарды енгізу өнім шығаруды және сатуды күніне 24 тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Зауыт өкілдері мен мемлекеттік стандарт қызметкерлері кездесуінде нормативтік құжаттарды қолдану, орау және таңбалау сұрақтары, сәйкестікті растау, сондай-ақ кәсіпорын зертханасының сынау жабдығын тексеру мәселелері қаралды.
Өткен жылы «Семей ет комбинаты» ЖШС ISO 9001:2000 және ҚР СТ ИСО 22000: 2005 халықаралық стандарттарының талаптарына сәйкес, сапа менеджменті жүйесін енгізді және сертификаттады. Компания Миланда (Италия) ЭКСПО-2015-те «Халық маркасы» дипломын алды. Дипломмен бірге комбинат шығаратын барлық өніміне «Халық маркасы» – «Народная марка» ерекшелік белгісін орналастыру құқығын алды.
Жұмыстық кездесу барысында өлшеу құралдарын тексеру және тауарлардың шығуы туралы сертификаттарға қатысты сұрақтар келіп түсті. Барлық сұрақтарға департамент мамандары тарапынан толық жауап берілді.