
Ағымдағы жылдың 6 қазанында Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті мен Тұтынушылардың құқығын қорғау Комитетінің Жамбыл облысы бойынша Департаментімен бірлесе отырып сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заң талаптарын түсіндіру мақсатында дөңгелек үстел өткізді.
Аталған шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің превенция және парасаттылық басқармасының басшысы Дәурен Омаров және «Тараз адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі, департамент жанынан құрылған ақпараттық ағарту штабының мүшесі Ғабиден Исатай қатысты.
Департамент басшысы Алия Ахметова дөңгелек үстел тақырыбы мен мақсатының тереңдігін және маңыздылығын атап өтіп, мұндай келеңсіздікке жалпы қоғам болып жол бермеу, індеттің жолын кесу әрбір азаматтың парызы екендігін айтты. Дөңгелек үстел барысында іс шараға қатысушылар өз тараптарынан мұндай келеңсіздіктерге көз жұма қарамайтындығын жеткізді. Еліміздің әлеуметтік, экономикалық, мәдени және құқықтық тұрғыда дамуында тежегіш фактор ретінде әсер ететін сыбайластық жемқорлық деректерін түбегейлі жою бағытындағы жұмыстардың жеткіліксіздігі, дегенмен мемлекет тарапынан бұл құқық бұзушылықпен күресте тиімді механизмдер қарастырылғаны сөз етілді.