
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінде Л. Б. Гончаров атындағы ҚазАЖИ мен Автомобиль жолдары комитетінің арасында «Өзара түсіністік туралы» меморандумға қол қою рәсімі өтті.
Қазақстанның автомобиль жолдары саласында біліктілігі жоғары мамандардың тапшылығы өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Бүгінгі таңда Министрлік аталмыш мәселені шешу мақсатында белсенді жұмыстарды жүргізуде. Осы ретте Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек Бармақов пен Қазақ автомобиль-жол институты ректорының бірінші орынбасары Гүлсім Еспаева өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа сәйкес тараптар болашақта автомобиль жолдары саласында қызмет ететін біліктілігі жоғары мамандарды даярлау үшін бірігетін болады. Атап айтқанда, Комитет өкілдері бейінді жоғары оқу орнының студенттері үшін дәріс оқып, өз тәжірибесімен бөліседі. Бұдан бөлек, ғылыми зерттеулер, білім және көліктік-коммуникациялық кешен құрылысы саласындағы мәселелерге арналған конференциялар мен семинарлар өткізілмек. Сонымен қатар, ИИДМ АЖК студенттер, магистранттар мен докторанттардың тағылымдамадан өтуіне жағдай жасайтын болады.
Анықтама:
Л. Б. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол институты 1999 жылы ашылған болатын. Бұл – республикада жол саласы үшін білікті мамандарды даярлайтын мамандандырылған жалғыз жоғарғы оқу орны. Институт жол құрылысының сапасын техникалық бақылауға, диагностика мен паспорттаудан өткізуге мүмкіндік беретін жол стационарлық және мобильді зертханалармен жабдықталған.