Экономикалық ынтымақтастық пен сирек минералдар саласындағы даму мүмкіндіктері

Экономикалық ынтымақтастық пен сирек минералдар саласындағы даму мүмкіндіктері

Бүгін ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Хатшылығының халықаралық байланыстар департаментінің басшысы Уильям Томпсонмен және Ұлыбританияның Қазақстан Республикасындағы Елшісі Катерин Джейн Личпен кездесу өткізді.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы – экономикалық прогреске және әлемдік саудаға жәрдемдесу үшін құрылған 38 мүше мемлекеті бар үкіметаралық экономикалық ұйым.

 «Қазақстан сирек металдарды өндіруде айтарлықтай құзыреттерге ие және осы негізгі секторда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы озық стандарттарын енгізуге ұмтылады», – деді Министр.

 Қазіргі уақытта біздің еліміз сирек металдар өндіруде жетекші орын алады. Қазақстан бериллий, тантал мен ренийді толық өндіру циклі бар санаулы елдердің бірі.

Қазақстандық титан әлемдік нарықтың 11%-н және аэроғарыштық өндіріс нарығының 21%-н қамтамасыз етіп, оны аэроғарыш және автомобиль өнеркәсібіндегі жетекші компаниялар мойындайды. Одан бөлек, «Қазцинк» ЖШС, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС және «Қазақстан алюминийі» АҚ отандық кәсіпорындары сирек металдарды өңдеп, өндіруді сәтті жүзеге асыруда.

Ерсайын Нағаспаев еліміздің көпвекторлы саясатты ұстана отырып, сирек шикізат материалдарын дамыту жөніндегі халықаралық бастамаларға белсенді түрде атсалысатынын атап өтті. Бұл Еуропалық Одақ, Ұлыбритания және Франциямен сирек минералдық ресурстар саласындағы стратегиялық серіктестік туралы негізгі меморандумдар мен жол карталарына қол қоюмен расталады. Бұдан бөлек, АҚШ және Оңтүстік Кореямен бірлесіп сирек шикізаттық материалдар көріністерін геологиялық зерттеу саласында белсенді жұмыстар жүргізілуде.

2024 жылы Қазақстан Mineral Security Partnership (MSP) толыққанды мүшесі болып, маңызды минералдар мен металдарды жеткізудің жаһандық тізбегінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосуға дайын. Бұл үшін елде барлық қажетті алғышарттар, оның ішінде әртараптандырылған минералдық-шикізат базасы, инфрақұрылым, жоғары құзыреттілік, сондай-ақ дамыған Midstream индустриясы бар.

Қазақстан АҚШ-тың сирек шикізаттық материалдардың 50 тізімінен 19 элементті және Еуропалық одақтың 34 тізімінен 21 минералды жеткізе алады. Бұл біздің елімізді маңызды материалдар секторындағы негізгі ойыншыға айналдырады. Жалпы отандық кәсіпорындар бериллий, титан, тантал, ниобий, рений, сурьма, висмут, селен және теллурды бастапқы металдың дайын күйінде және құрамдас бөліктер түрінде шығарады.

Кездесу барысында тараптар Қазақстанның тау-кен саласының тұрақты дамуын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Экологиялық және экономикалық тұрақтылық талаптарына сәйкес озық стандарттарды енгізу бойынша ынтымақтастық саланың одан әрі өсуі мен жаңаруына әсер етеді.