
Токиода су проблемалары мен табиғи апаттар жөніндегі халықаралық кездесу өтті. Іс-шараның ашылуына Жапония Императоры Нарухито қатысты.
Кездесуге мемлекеттік құрылымдардың жоғары лауазымды өкілдері, халықаралық ұйымдар, жеке компаниялар мен азаматтық қоғам өкілдері қатысты. Қазақстан делегациясын Құрылыс және ТҮКШ істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Керемқұлов бастап барды.
«Орталық Азия – Жапония» диалогы аясында су секторы сарапшыларының кездесуі өтті. Жиын барысында су және кәріз жүйелерін дамыту, халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жаңғырту, цифрлық технологияларды енгізу және ұлттық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Өз сөзінде Нұрсұлтан Керемқұлов су ресурстарын басқаруда халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанда су жүйелерін жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Соңғы бес жылда бұл салаға 3 млрд доллардан астам инвестиция құйылып, су құбыры желілері кеңейтіліп, тазарту құрылыстары жаңартылды. Бүгінгі таңда Қазақстанда қалалық тұрғындардың 99,4%-ы және ауылдық тұрғындардың 97,8%-ы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген.
Су құбыры және кәріз жүйелерінің тозу мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазақстанның кейбір аймақтарында тозу деңгейі 60-70%-дан асады, бұл сумен жабдықтау тиімділігіне қауіп төндіреді. Осыған байланысты «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы бекітілген, оның аясында су секторын дамытуға шамамен 26 млрд доллар бөлу жоспарлануда.
Сондай-ақ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифрландыру стратегиясы ұсынылды, оның ішінде «Бірыңғай ТҮКШ платформасын» құру қарастырылған. Бұл жоба коммуналдық ресурстарды есепке алуды автоматтандыруға, есеп айырысудың ашықтығын арттыруға және халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған.
Өз сөзінің соңында Нұрсұлтан Керемкулов жапон тарапына тәжірибе алмасу мүмкіндігі үшін алғысын білдіріп, Қазақстанның су және кәріз жүйелерін дамыту саласында халықаралық ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін атап өтті.