Қазақстан мен ЭЫДҰ арасындағы стратегиялық ынтымақтастық: өнеркәсіп және инфрақұрылымдық даму

Қазақстан мен ЭЫДҰ арасындағы стратегиялық ынтымақтастық: өнеркәсіп және инфрақұрылымдық даму

2024 жылғы 16 қазанда ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында өзара ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мен болашағы талқыланды.

Министр Қ. Шарлапаев ЭЫДҰ-мен қарым-қатынастардың стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, бұл ұйымның Қазақстан үшін халықаралық аренадағы маңызды серіктес екенін баса айтты. Талқылаулар барысында Қазақстанға ЭЫДҰ ұсынымдарына сәйкес озық тәжірибелер мен стандарттарды енгізуге мүмкіндік беретін тұрақты өнеркәсіптік даму және инфрақұрылымдық жобалар саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері басты назарда болды.

ЭЫДҰ өкілі Грегори Леконт жылы қабылдау үшін алғысын білдіріп, ынтымақтасты одан әрі жалғастыруға дайын екенін растады. Ол бірлескен жобалар Қазақстан мен ұйымға мүше елдер арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. Әсіресе, «жасыл» экономика және өнеркәсіптің тұрақты дамуы саласындағы тәжірибе алмасу мәселесіне ерекше көңіл бөлінді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар жемісті және сындарлы диалог үшін өзара ризашылықтарын білдіріп, екіжақты байланысты одан әрі нығайтудың және жаңа жобалар бойынша бірлесіп жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті.