ӨҚМ мен Энергетика министрлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын цифрландыруда күш біріктіреді

ӨҚМ мен Энергетика министрлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын цифрландыруда күш біріктіреді

Бүгін ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияспен кездесу өткізіп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифрландыру және цифрлық жобаларды жүзеге асыру бойынша тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.

Отырысқа сондай-ақ «ТҮКШ жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ, «Қазақстандық индустриялық даму институты» АҚ, «Мемқалакадастр» РМК, Қазақстан Республикасы Отын-энергетика кешенінің ахуалдық талдау орталығы» АҚ өкілдері қатысты.

Іс-шараның мақсаты – екі министрліктің елдің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифрландыру, деректер алмасу және тұрғын үй-коммуналдық деректердің бірыңғай бұлтын құру саласындағы жұмысын үндестіру.

Энергетика вице-министрі «SmartGrid», «SmartField», «EnergyTech», Энергетика саласындағы жасанды интеллект және Отын-энергетика кешенінің Ахуалдық талдау орталығы жобаларын таныстырды.

Жәннат Дүбірова елді мекендердің кеңістіктік деректерінің анықтамалық базасына айналған «Мемлекеттік қала құрылысы кадастры» ААЖ-ның аяқталған жобасын ұсынды.

Отырыста тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы деректерін жинақтауға және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саясатын дұрыс құруға мүмкіндік беретін «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының бірыңғай платформасы» жобасының тұжырымдамасы талқыланды.

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында цифрландырылған қызметтерді енгізу азаматтарға бюрократиялық процедуралармен ауыртпалық түсірмеуге мүмкіндік береді», – атап өтті вице-министр. Сонымен қатар қатысушылар коммуналдық қызметтердің каталогында бірлесіп жұмыс істеуге және коммуналдық қызметтердің процестерін қайта құруға келісті.