Жылу желілерін жаңғыртуға 93 млрд теңге қарастырылған

Жылу желілерін жаңғыртуға 93 млрд теңге қарастырылған

Бүгін, 8 қазанда ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Үкімет отырысында баяндама жасады.

Қанат Шарлапаев осы жылы 161 шақырым жылу желілерін жаңғыртуға республикалық бюджеттен 93 млрд теңге қарастырылғаны жөнінде айтты. Оның ішінде нысаналы трансферттер есебінен 104 шақырым желіні жаңғыртуға 69 млрд теңге, Үкімет резервінен 57 шақырым желіні жөндеуге шамамен 24 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ, табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарламалары есебінен, 17 млрд теңгеге 69 шақырым желіні жаңғырту жоспарланған.

Келесі кезекте министр жылумен қамту жобаларына тоқталды, сәуір айынан бастап, 93 млрд теңгенің 72 млрд теңгесі, яғни жоспардың 78%, жергілікті атқарушы органдарға аударылды.

«Бұл ретте 64 жоба бойынша 159 шақырым жылу желісі жүргізілді. Оның ішінде 54 жоба бойынша 135 шақырымға жылу желісі жүргізіліп, жұмыстар толық көлемде аяқталды, ал 10 жоба бойынша 24 шақырым болатын жұмыстар аяқталуға жақын», – атап өтті ол. 

Баяндама барысында өңірлерде инженерлік инфрақұрылым бойынша жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылды.

Осы жылы 541 шақырым жылу желісінде жөндеу жұмыстары жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда 536 шақырым жөнделді, бұл жоспардың 99% құрайды.

Сумен жабдықтау желілері болса, 1 025 шақырым немесе жоспардың 90%-ы, сондай-ақ су бұру желілерінің 159 шақырымы немесе 98%-ы жөнделді.