«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының аясында республикалық жолдардың 4 мың шақырымында құрылыс жүріп жатыр

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының аясында республикалық жолдардың 4 мың шақырымында құрылыс жүріп жатыр

2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық дамыту мемлекеттік бағдарламасында 112 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру қарастырылған.

Алдағы 6 жылда республикалық желінің 10 мың шақырым автожолын салу және қайта жаңғырту, 11 мың шақырым жолды күрделі және орташа жөндеу жоспарланып отыр. Бағдарламаны іске асыру республикалық маңыздағы автожолдарда жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 100% жеткізуге, І және ІІ техникалық санаттағы жолдардың ұзындығын 60%, ақылы жолдар үлесін 45% жеткізіп, жол бойындағы сервис объектілерімен 100% қамтамасыз етуге мүмкіндік береді
2020 жыл - жаңа бағдарламаны іске асырудың алғашқы жылы. Биыл автожол саласында республикалық және жергілікті маңызы бар жолдардың 9,8 мың шақырымы жөнделеді. Жалпы жол-құрылыс жұмыстарына 200 мыңдай адам тартылып, олардың 100 мыңдайы - аралас салалардан, материалдарды, жанар-жағармайды, қосалқы бөлшектерді және т.б. өндірушілер мен жеткізушілер. Республикалық желілер бойынша 4 мың шақырым жолда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр: Олар Қарағанды -Балқаш-Бурылбайтал-Күрті, Актөбе-Атырау-Астрахань, Талдықорған-Өскемен, Қалбатау-Майқапшағай, Көкшетау-Петропавл-Қорған, Ұзынағаш-Отар, Меркі-Бурылбайтал, Қостанай-Денисовка, Үшарал-Достық жол учаскелері.

1,8 мың шақырым жолда күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, оның ішінде 1,1 мың шақырымында жұмыстар аяқталды.

Ағымдағы жылы 2,6 мың шақырым жол учаскесінде қозғалыс ашылады. Жобаларды уақытылы іске асыру үшін барлық даярлық жұмыстары атқарылып, қажетті материалдар мен техникалар әзірленді. Жалпы карантиндік шараларға байланысты құрылыс жұмыстары мамыр айының ортасында ғана қарқын алғанын айта кету керек. Барлық учаскелерде қызметкерлерді коронавирустан қорғауға қажетті шаралар қабылданды.
Қазіргі уақытта елімізде ұзындығы 682 шақырым болатын 4 ақылы жол учаскесі бар. Олар: «Нұр-Сұлтан-Щучинск», «Нұр-Сұлтан-Теміртау», «Алматы-Қорғас», «Алматы-Қапшағай». Биыл ол жолдардан 2,6 млрд. теңге қаражат жиналған. Инвестициялық байқау аясында 11 мың автожолда ақы алу жүйесін орнату жоспарланған. Жыл соңына дейін 5,8 мың шақырым жолда ақы алу жүйесі орнатылып, әрі қарай сынақ ретінде пайдалануға беріледі. Қалған 5,2 мың шақырым жолда 2024 жылға дейін енгізіледі.

Республикалық және халықаралық маңызы бар жолдарда қазір 1838 жол бойында қызмет көрсету объектісі жұмыс істеп тұр. Олардың 929-ы Ұлттық стандарттарға сай келеді. Биыл жеке инвестициялар есебінен санитарлық-гигиеналық торабы бар 18 жанар-жағармай стансасын салу жоспарланып отыр.

Жергілікті желілер бойынша 2025 жылға дейін 20 мың шақырым автожол жөнделіп, аудандық және облыстық маңызы бар жолдардың 95% жақсы және қарағаттанарлық жағдайға жеткізіледі.

2020 жылы жергілікті жолдарды жөндеуге 238 млрд. теңге қарастырылған. Жыл соңына дейін 4 мың шақырымы жөнделіп, 350 жол жобасы іске асырылып, 31 мың адам жұмысқа тартылады.

Жалпы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2020 жылға:
- республикалық маңызы бар автожолдардың 89%, облыстық және аудандық маңыздағы жолдардың 71% жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізу;
- өзін-өзі ақтайтын ақылы жолдар ұзындығын 682 шақырымнан 5,7 мың шақырымға дейін ұлғайту;
- автожолдарды Ұлттық стандартқа сай келетін жол сервисі объектілерімен қамтамасыз етуді 49%-дан 58% дейін жеткізу;
- теміржол көлігімен транзиттік тасымал көлемін 19% арттырып, 20,9 млн. тоннаға (2019 жылы 17,5 млн. тонна) жеткізу;
- контейнерлер транзитін 842 мың ЖФБ дейін (2019 жылы – 664 мың ЖФБ) ұлғайту;
- әуе көлігімен тасымалданатын жолаушылар санын 9,1 млн. адамға жеткізу жоспарланған.