
Бүгін, 23 қыркүйекте ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Қазақстан тау-кен палатасы ұйымдастырған дөңгелек үстел отырысына қатысты.
Кездесуге қатысушылар шетелдік инвестиция тартуға тікелей әсер ететін тау-кен өнеркәсібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.
Осылайша, Қазақстанның салық заңнамасындағы алдағы өзгерістер, жаңа лицензиялар мен экспорттық лицензиялар үшін роялти енгізу перспективалары талқыланған. Одан бөлек, сала өкілдері «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекске уранға қатысты өзгертулер мен толықтырулар енгізу, жоюды қаржылық қамтамасыз ету, рентабельділігі төмен кен орындарын игеру, сондай-ақ Қазақстанда ауа арқылы геофизикалық зерттеулер жүргізу мәселелеріне тоқталды.
Талқылау нәтижесінде Тау-кен өнеркәсібі палатасы өзекті мәселелерді шешу және тау-кен саласындағы табысты халықаралық тәжірибені зерделеу үшін кешенді жол картасын құру мәселесін қарастыруды ұсынды.
Кездесуге «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ, «Атамекен» ҰКП, «Тау-Кен Самұрық» АҚ, «Xcalibur Kazakhstan», «Arras Minerals», «Fortescue Kazakhstan», «Рио Тинто Қазақстан», «Aurora Minerals Group» және т.б. ұйымдар мен жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың өкілдері қатысты.