Мұқтаж азаматтарға тұрғын үй бөлу саласындағы өзгерістер

Мұқтаж азаматтарға тұрғын үй бөлу саласындағы өзгерістер

Бүгін ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Бақытжан Жүнісбеков еліміздегі азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мен осы жылы атқарылған жұмыстар туралы айтты. 

 Құрылыс саласы экономиканың негізгі салаларының бірі. 2023 жылдың қорытындысы бойынша құрылыс саласында оң нәтижелерге қол жеткізілді. Республика бойынша 17,5 млн. ш. м. жаңа баспана немесе 157 мың тұрғын үй салынды. Өткен жылы мемлекеттік инвестициялар есебінен 21,4 мың пәтер салынып, 7,3 мың жеңілдікті қарыздар берілді. Ағымдағы жылы экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі бірінші кезектегі іс-қимылдар жоспарына сәйкес 2024 жылы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің қосымша шараларын енгізе отырып, 18 млн. ш.м. баспана немесе 170 мың тұрғын үй салу жоспарланып отыр.

Мемлекеттік қолдау есебінен осы жылы:

- Қазақстан тұрғын үй компаниясының әкімдіктерге облигациялық несиелер беруі есебінен кредиттік тұрғын үйдің 16,7 мың пәтерін салу;

- сатып алу құқығымен «Самұрық-Қазына» АҚ арқылы республикалық бюджет қаражаты мен мемлекеттік бағалы қағаздар есебінен жалға берілетін 22,2 мың пәтер сатып алу жоспарлануда.

Соңғы 8 айдың қорытындысы бойынша, елімізде ХӘОТ үшін 2,5 мың жалға берілетін пәтер сатып алынды және ЖАО кезекте тұрғандар үшін 5 мың кредиттік пәтер салынды. Сәйкесінше, кредиттік тұрғын үйді сатып алуға 7 мың қарыз берілді.

Соңғы жүргізілген статистикаға сәйкес, жалпы тұрғын үй кезегінде барлығы 648 мыңнан астам адам тұр.

Оның ішінде:

Ұлы Отан соғысының ардагерлері – 26;

Жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 61 618;

Көп балалы аналар, көп балалы отбасылар – 130 167;

Халықтың әлеуметтік осал топтары – 254 471;

Бюджеттік қызметкерлер, мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер – 198 205;

Жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған ҚР азаматтары – 3 812.

Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде әлеуметтік осал санаттағы кезекте тұрғандарға сатып алу құқығынсыз тұрғын үй кезектілік тәртібімен жалға беріледі. Бұл ретте, жалға берілетін тұрғын үйдің жалпы көлемінің кемінде 20%-ы сатып алу құқығынсыз жетім балалар мен көп балалы отбасыларға беріледі. Өткен жылы аталған мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде кезекте тұрған 9 мыңға жуық адам тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Ағымдағы жылы сегіз айда 6 737 азамат тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

Мұқтаж азаматтар үшін әкімдіктер ипотекалық тұрғын үй несиелері бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабуға тұрғын үй сертификаттарын береді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 2,5 млрд теңгенің сомасында екі мыңнан астам тұрғын үй сертификаттары берілді. Ағымдағы жылдың сегіз айының қорытындысына сәйкес 1,3 млрд. теңгеден астам сомаға 1 136 сертификат берілді. Берілген сертификаттардың жартысына жуығы Астана, Алматы және Шымкент қалаларының үшеуіне тиесілі.

Сондай-ақ, кезекте тұрғандарға 2%-дық және 5%-дық мөлшерлеме бойынша жеңілдікті қарыз беріледі.

2%-дық мөлшерлеме бойынша қарыз кезекте тұрғандардың төрт санатына беріледі, бұлар:

- бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар;

- мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;

- көп балалы отбасылар;

- жетім балалар.

Осылайша, 2023 жылдың қорытындысы бойынша жылдық 2%-бен 3 232 жеңілдетілген қарыз, ағымдағы жылдың сегіз айдың қорытындысы на сәйкес тұрғын үй сатып алуға 2 213 қарыз берілді. Сонымен қатар, өткен жылы 5%-дық мөлшерлеме бойынша 4 062 қарыз, 2024 ж. 3 091 берілді. Аталған жеңілдікті қарыздар халыққа «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс банкі арқылы беріледі. Қосымша, ағымдағы жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықтың әлеуметтік осал топтары үшін – 7%, азаматтардың қалған санаттары үшін – 9%-дық мөлшерлемемен «Наурыз» жаңа ипотекалық бағдарламасы іске қосылды. Аталған бағдарлама бойынша 12 мыңнан астам азамат өтініш берді, оның ішінде 1 888 кезекте тұрғандарға қарыз берілді. Осы бағыттағы жұмыс жалғасуда.

Тұтастай алғанда, жыл сайын 2029 жылға дейін 10 мыңға жуық кезекте тұрғандарды сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Қазіргі уақытта ҚР Парламенті Сенатының қарауында тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша заң жобасы жатыр, онда халықтың әлеуметтік осал топтары үшін бұрын берілген жалдамалы тұрғын үйді сатып алу құқығынсыз жекешелендіру құқығын беру бөлігінде қолдау тапты. Бұдан басқа, заң жобасы шеңберінде депутаттар азаматтардың сегіз санатына тұрғын үй алуға бірінші кезектегі құқық беруді ұсынды. «Отбасы Банкі», заң жобасы шеңберінде ұлттық даму институты болып қайта құрылады, оның негізгі міндеті – республика бойынша азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша тұрғын үй қатынастарын дамыту. Әкімдіктерде бар кезекте тұрғандардың ағымдағы базасы тұрғын үйді есепке алуды, қоюды және бөлуді орталықтандырылған түрде жүзеге асыратын «Отбасы Банкіне» берілетін болады. Кезекте тұрғандарды сатып алу және салу арқылы тұрғын үймен қамтамасыз ету әкімдіктердің еншісінде қалады. Тұрғын үйді бөлу есепке қойылған күнге және табыс деңгейіне байланысты ұсынылып отырған түзетулермен жүзеге асырылатын болады.