
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі тұрғын үйлердің құрылысының барысы туралы ақпарат беруді жалғастыруда.
Атырау облысы Құлсары қ. Болашақ ықшамауданында салынып жатқан 100 үйдің 60-ы пайдалануға берілді.
Салтанатты шараға облыс әкімі Серік Шәпкенов пен «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева, Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов қатысып, жаңа баспана иелеріне құтты қоныс тіледі.
«Қиын күндер артта қалды. Біз үлкен сынақты абыроймен еңсердік. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен төтенше жағдайдың салдарын жоюға бар күш-жігерімізді салдық. Нәтижесінде, осы қуанышты күнге жеттік. Осы сәтті пайдалана отырып, жерлестеріме, әсіресе, су тасқынының зардаптарын жоюға белсене атсалысқан барша жанға шексіз алғысымды білдіремін. Жаңа үйлеріңіз бақыт пен берекеге толы болсын. Әр шаңырақта қуаныш орнасын, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, Серік Шәпкенов ықшамауданды дамыту бағдарламасы басталғанын айтты. Мұнда келер жылы спорт кешені, «BINOM» мектебі және балабақша құрылысы басталады. Бұдан бөлек, жергілікті мердігер мемекелердің демеушілігімен ашық спорт алаңы салынады.
Қуанышты жаңа тұрғындардың қатарында Құлсары қ. тұрғыны Шолпан Назарова да бар. «Автожолшылар ықшам ауданындағы үйім суға кетті. Үкіметтен көмек күттік. Міне көп кешіктірмей жаңа пәтерге кірдік. Үйдің іші кең, жарық тіпті, ас үй жиһазы да бар. Өте қуаныштымын», – деп ол қуанышымен бөлісті.
Әр үйдің ауданы 100 шаршы метр. м., 100 үйдің құрылысы жүргізілуде. Қалған 40-ы 20 қыркүйекке дейін жеткізіледі. Олардың барлығы қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген.
Мұндағы 80 үй «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының, 20-сы жергілікті бюджеттің қаржысына салынған. Құрылыс жұмыстарына жергілікті 8 мердігер мекеме жұмылдырылды.
Тасқын кезінде Құлсары қаласындағы 2 600 үйді су бастқанын еске саламыз. Оның 1455-і апатты деп танылса, 1 187 баспана күрделі жөндеуден өтуде. Бүгінде зардап шеккендер тиісті өтемақысын алды.