
Ақтөбе облысы Темір ауданы Құмсай ауылында салтанатты шара өтті: көктемгі су тасқынынан зардап шеккен 21 отбасы жаңа үйлердің кілтін алды. Бұл Президенттің тапсырмасының арқасында мүмкін болды, оған сәйкес су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыс жалғасуда.
Әрқайсысының көлемі 80 шаршы метрді құрайтын жаңа үйлер тұрғындардың өздері таңдаған жерге, ауылдың биік жерінен салынған. Кілттерді тапсыру рәсіміне мәслихат депутаттары, Темір ауданының әкімі Саламат Аманбаев және мердігер компаниялардың өкілдері қатысты. Әрбір жаңа тұрғын жаңа үйдің кілтін ғана емес, сонымен қатар тұрмыстық техниканы да сыйлыққа алды.
«Кешегі көктемгі су тасқыны кезінде осы ауылға келгенімізде, халықтың көңіліндегі кірбіңі мен жанайқайын көрген едік. Қаншама тұрғын баспанасыз қалды. Бірақ бүгінде жаңа баспанаға ие болған жандардың көзінен қуаныш көріп отырмыз. Шаңырақтарыңызда әрқашан жылулық пен бақыт болсын», – деді жерлестерін құттықтай келген облыстық мәслихат депутаты Боран Ізбасов.
Көктемгі су тасқыны Темір өңірі үшін ауыр сынақ болды. Шұбарқұдық, Құмсай, Еңбекші және Шитүбек ауылдарындағы 98 тұрғын үйді су басты. Құзырлы органдардың жедел әрекеті мен қамқор адамдардың көмегінің арқасында зардап шеккен отбасылар қауіпсіз және жайлы үйлерде өмірлерінің жаңа тарауын бастады. Тұрғын үйді қалпына келтіруге 224 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді, бұл 41 үйді жөндеуге және 36 отбасына қайталама нарықта дайын баспана сатып алуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, жоғалған немесе бүлінген мүліктері үшін 63 отбасына 26 миллион теңге көлемінде ақшалай көмек тағайындалды.
«Бұл жаңа үйлер біздің тұрақтылығымыз бен бірлігіміздің символы. Қуаныш пен берекенің мекеніне айналсын» – деді аудан әкімі Саламат Аманбаев.
Қиын күндерді бастан өткерген Құмсайлықтардың өздері де шетте қалмай, шынайы ризашылықтарын білдірді. «27 наурыз біз үшін қара күнге айналды – су тасқыны үйлерімізді ғана емес, болашаққа деген сенімімізді де алып кетті. Бірақ бүгін біз жаңа үйлеріміздің табалдырығында тұрмыз және өмірді жаңадан бастауға дайынбыз. Қиын-қыстау кезде қолдау көрсеткен барша жандарға алғыс айтамыз», – деп ауыл тұрғыны Гульзада Жумабековна бөлісті.
Ақтөбе облысында тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Бұған дейін облыстың өзге аудандарында 350 жаңа үйдің кілті табыс етіліп, тағы 513 отбасы оларға сатып алынған үйлерге қоныстанған болатын.