Ақмола облысында 15 отбасы жаңа баспананың кілттерін алды

Ақмола облысында 15 отбасы жаңа баспананың кілттерін алды

Ақмола облысында 15 жер үйдің құрылысы аяқталды. Су тасқынының зардаптарын жою аясында «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен Ақмола облысындағы Пригородное, Иванковка, Капитоновка, Журавлевка және Вознесенка ауылдарында 3,4 млрд теңгеге 144 тұрғын үй салынады.

Капитоновка ауылында су тасқынынан зардап шеккендерге қордың қаржысына салынған жаңа үйлердің кілті табыс етілді. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Болат Жамишев тұрғындарды қоныс тойымен құттықтады.

«Бүгін барлығымыз үшін қуанышты оқиға – көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге жаңа үйдің кілттерін табыстадық. Қазіргі таңда облыс көлемінде де, аудан көлемінде де су тасқынының зардаптарын жою жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осылайша, пәтерлер мен үйлерді сатып алу есебінен 11 отбасы қауіпсіз жерге қоныстандырылды, 112 отбасына мүлікті жөндеуге көмек көрсетілді, 115-іне мүліктік зиян үшін өтемақы төленді. Ал бүгін 15 отбасы жаңа баспананың кілтін алады», – деді облыс әкімі Марат Ахметжанов.

Қор мен облыс әкімшілігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғаннан кейін ауданы 80 шаршы метр болатын стандартты үйлердің құрылысы басталғанын айта кеткен жөн. Бес ауылда үйлер салу үшін су басуға жатпайтын жерлерден жер телімдері бөлініп, қажетті инженерлік инфрақұрылым жүргізілді.

Үйлер қабырғаларды оқшаулаумен және кірпішпен қапталған газдалған блоктардан салынған. Әр ғимаратқа жақын 10 сотық жер телімі де қарастырылған. Барлық үйлер абаттандырылған, су, кәріз және электр желілері барлығына қосылған.

«Меценаттардың көмегі және Ақмола облысы әкімдігінің, құрылысшылар мен «Қазақстан халқына» қорының бірлескен жұмысының арқасында Жарқайың және Бұланды аудандарында 144 отбасыға жаңа баспана беріледі. Бүгін 403 отбасы қоныс тойын тойлап үлгерді. Енді Капитоновка ауылының тұрғындары да жаңа қоныстанушылар қатарында. Бұл үйлер барша қазақстандықтарды біріктірген қолдау мен қамқорлықтың жемісі», – атап өтті «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Болат Жамишев.

 «Мен осы ауылда 45 жыл тұрамын. Көктемде топан судың астында қалдық. Қазір Президенттің арқасында бізге жаңа үйлер салынды. Бүгін баспаналы болған барлық тұрғындарды шын жүректен құттықтаймын! Алғысым шексіз! Өте қуаныштымын», деп ауыл тұрғыны Гүлнар Қалиулина бөлісті.