БҚО ТҰРҒЫНДАРЫ ЖАҢА БАСПАНАМЕН 100% ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛГЕН

БҚО ТҰРҒЫНДАРЫ ЖАҢА БАСПАНАМЕН 100% ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛГЕН

Атап айтқанда, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға 775 тұрғын үй берілген. Орал қаласында 375 тұрғын үй, аудандарда – 400. Одан бөлек, бастапқы және қайталама нарықта 2 100 тұрғын үй демеушілердің қаражатына сатып алынды.

Сәуір айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынынан зардап шеккен Қаратөбе ауданының Қоржын ауылына барып, тұрғындармен кездескен. Сол кездесуінде Президент зардап шеккен тұрғындар көмексіз қалмайтынын айтқан еді.

Осыған орай, Қаратөбе ауданында құрылысы аяқталған соңғы 90 үй пайдалануға берілді. Кілттерді салтанатты табыстау рәсіміне облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа қоныстарымен құттықтады.

         «Биылғы жылы елімізде көлемі жағынан соңғы 80 жылдағы ең ірі табиғи апат болып есептелетін көктемгі су тасқынына байланысты Қазақстанның 10 облысында төтенше жағдай жарияланған болатын. Қоржын ауылының жұртына төтеннен келген апаттың салдарына мойынсұнбай, қиындықтарға төтеп бергені үшін, ал өңіріміздің өзге азаматтарына көрсеткен көмектері мен демеушіліктері үшін алғыс айтамыз.

Бүгін міне, барлық қиын кезең артта қалды. Мердігерлердің қолға алуымен 90 тұрғын үй құрылысы 2024 жылдың 25 мамыр күні құрылыс жұмыстарын бастап, қазіргі таңда халық игілігіне пайдалануға берілгелі отыр. Баршаңызды қол жеткізген қуаныштарыңызбен шын жүректен құттықтаймыз!», – деді облыс әкімі.

Жаңа қоныс алған жұрт қиын кезеңде көмек қолын созған халыққа аудан, облыс басшылығына ауылдастары атынан шынайы алғыстарын жеткізді.

«Басында ертеңгі күніміз не болады деп ойлап едік. Алайда Президенттің сөзі бізге жігер берді. Міне, бүгін сол сөзі іс-жүзінде жүзеге асты. Өте қуаныштымыз. Баспаналы болдық - деді ауыл тұрғыны Абай Мырзабаев.

Айта кету керек,  Қоржын ауылында  құрылыс жұмыстарын «Тәуекел» ЖШС, «Kazakhstan GIGA Trade» ЖШС,  «Батыс Құрылыс Қызмет» ЖШС –, «АЙАС Строй Сервис» ЖШС, «Жайық Құрылыс Факт» ЖШС, «Орал Спецстрой» ЖШС жүзеге асырды.