Қобдада білім ардагері баспаналы болды

Қобдада білім ардагері баспаналы болды

Ақтөбе облысы Қобда ауданының тұрғыны, білім саласының ардагері, Фатима Сукулова су тасқынынан зардап шеккендерге арнап Қобда ауылында салынған 100 жаңа үйдің біреуіне ие болды.

«Біз 2012 жылы Қобдаға көшіп, үй салып, тұрдық. Содан бері міне 12 жыл бойы ешқандай су келмеді. Былтыр тасқын болғанда біздің үйге қарай келген жоқ. Биыл 27-28 наурыз күні бүкіл үйді топан су басты. Келген суды балам мотор қойып, сорып алды. Басқа жаққа судың ағысын бұрды. «Өткенге өкпе жоқ, келерден үміт көп» дейді. Міне, бізге арнап, жаңа баспана салынды. Үйіміздің кілтін алдық. Бәрі көңілімізден шықты. Дайын күйінде беріп жатыр. Одан артық не керек? Бүкіл елге рахмет айтамын, қайта-қайта көмек берді. Қамқорлық, жанашырлық танытқан ел азаматтарына, Президентімізге алғыс», - деп қуанышымен бөлісті Ф.Сукулова.

Айта кету керек, Қобда ауданында 147 үйдің 117-інде құрылыс жұмыстары аяқталып, су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға жаңа баспананың кілттерін табыс етілді. Таяу күндері калған 30 үйдің кілті табысталмақ.

ҚР ӨҚМ Ахуалдық орталығының мәліметінше, Ақтөбе облысында 500 үйдің құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі таңда зардап шеккен отбасыларға 351  жеке тұрғын үй салынды. Сонымен қатар, 513 үй сатып алынып, 3074 үйде жөндеу жұмыстары толық аяқталды.