Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға тұрғын үйлерді қарқынды салуда

Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға тұрғын үйлерді қарқынды салуда

Тасқыннан үйлері жарамсыз болып қалған 38 қараталдық отбасы жаңа қонысқа көшті

Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Қаратал ауылында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін жалпы саны 126 үй салынып жатыр. Бүгінгі күні құрылысшылар толықтай құрылысы аяқталған үйдің кілттерін иелеріне табыстаған. 38 отбасы жайлы әрі кең үйге көшіп, қоныстойларын тойлап үлгерді.

Ал қалған 88 үйді мердігерлер қыркүйек айында пайдалануға береміз деп отыр. Қазіргі уақытта бұл үйлердің қабырғалары тұрғызылды, шатырлары жабылды, есік-терезелері салынып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.

Бұл Қаратал ауылында көктемгі су тасқыны кезінде 210 үйге зақым келді. Бой көтерген 126 үйден бөлек, тағы 18 баспанаға жөндеу жұмыстары жасалды, 66 отбасы екінші нарықтан өздерінің қалауымен дайын үйді сатып алды.

Айтып өтейік, қаржыландыру «Қамқор-Ақтөбе 2024» қоры арқылы жүзеге асырылуда. ERG компаниясы Ойыл ауданында Ойыл, Қаратал, Ақкемер, Кемер, Ақжар және Бестамақ ауылдарында 172 үйдің құрылысын қаржыландырды. Оның 63-і халық игіліне берілді.

Қаратал ауылында пайдалануға берілген 38 үйдің бірі Таңсұлу Ускенбаеваға тиесілі. Жаңа баспанасына қоныстанған ол қиын сәттерді еске алып, бүгінгі қуанышымен бөлісті.

«Жаз бойы киіз үйде тұрдық, қолайсыздау болды. Қазір шүкір үйіміз бітіп, кіріп жатырмыз. Мердігерлерге, құрылысшыларға, жауапты басшыларға рахмет. Жағдайымызды біліп, келіп тұрады. Ризамыз, ауылымыз көркейе берсін, енді қиыншылықтар болмасын алдағы уақытта. Бәрімізге жаңа қоныс құтты болсын!», - деді ауыл тұрғыны.

Ықылас Қарабалин, Қаратал ауылының тұрғыны:
«Биыл көктемде су тасқыны болып, елдімекеннің бәрін су алып, ауыл халқы баспанасыз қалды, мал шығыны болды. Қиын жағдайға тап болдық. Соның нәтижесінде 3-4 айдан кейін міне баспаналы болып жатырмыз. Құдайға шүкір. Үкіметке, мына өзіміздің облыс, аудан басшыларына алғысымызды білдіреміз. Жағдайымызды сұрап, қолдарынан келген көмегін беріп жатыр».

ҚР ӨҚМ Ахуалдық орталығының мәліметінше, Ақтөбе облысында 500 үйдің құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі таңда зардап шеккен отбасыларға 235 жеке тұрғын үй салынды, 495 үй сатып алынды, 3048 үйде жөндеу жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ, тұрғын үйлерді қалпына келтіру барысы министрліктің тікелей бақылауында.