Ақмола облысындағы Капитоновка мен Иванковкадағы үйлердің құрылысы аяқталуға жақын

Ақмола облысындағы Капитоновка мен Иванковкадағы үйлердің құрылысы аяқталуға жақын

Көктемгі су тасқыны салдарынан Бұланды ауданының тұрғындары өз үйлері мен мүлкілерінен айрылды. Адамдардың қалыпты өмірге оралуы үшін биыл ауданда жаңа тұрғын үйлердің құрылысы басталды. Иванковка ауылында 41 тұрғын үй, Капитоновка ауылында 15, Журавлевка ауылында 44, Вознесенка ауылында 16 тұрғын үй салынып жатыр, Никольское ауылында бір, Макинск қаласында 10 тұрғын үй екінші нарықтан сатып алынды.

«Капитоновка мен Иванковкада үйлердің құрылысы аяқталуға жақын, содан кейін жаңа үйлердің кілттері иелеріне табыс етіледі. Вознесенка ауылында үйлердің құрылысы 2024 жылдың 10 шілдесінде басталған болатын. Ауылда 16 тұрғын үй құрылысының мердігері – «Марсам» ЖШС. Бүгінгі таңда 10 үйдің қабырғасы көтерілген, үйдің ішінара қаптамасы бар, үйдің шатыры әлі жабылмаған. Қалған 6 үйдің іргетасы қаланып, қабырғалары көтеріле бастады. Сондай-ақ, Журавлевка ауылында ағымдағы жылдың 27 шілдесінде 42 үйдің құрылысы басталды. Бүгінгі таңда қабырғалар көтеріліп, құрылыстың қаптамасы бар, әзірге тек 1 ғимараттың шатыры жабылған. Тұрғын үйлерді тапсыру 2024 жылдың 15 қыркүйегіне жоспарланған», – деді Бұланды ауданы әкімінің орынбасары Ораз Смағұлов.

Тұрғын үйлерді салу су тасқынынан зардап шеккендердің өмірін қалпына келтіріп, жақсартуға және ауыл тұрғындарына өз жерлерінде қалуға мүмкіндік беретін маңызды қадам екенін айта кеткен жөн.

ҚР ӨҚМ Ахуалдық орталығының мәліметінше, Ақмола облысында 331 үйдің құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі таңда зардап шеккендерге  221 үй сатып алынып, 715 үйде жөндеу жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ, тұрғын үйлерді қалпына келтіру барысы министрліктің тікелей бақылауында.