
Сіздің бизнесіңіз бар және өндірісті кеңейтуді көздейтініңізді елестетіп көріңіз, бірақ шетелдік компаниялар тарапынан қатаң бәсекелестікке тап болып жатырсыз. Мұндай жағдайда ішкі нарықты қорғау сіздің табысыңыз үшін маңызды болып табылады. Отандық тауар өндірушілерге көмектесетін негізгі құралдардың бірі – мемлекеттік сатып алулар бойынша ұлттық режимнен алып тастау.
Бұл шара отандық өндірушілерге басымдық бере отырып, тауарлардың, жұмыстардың және қызметтердің жекелеген санаттары бойынша мемлекеттік сатып алуларға қатысу үшін шетелдік жеткізушілердің қолжетімділігін шектейді. Қазіргі уақытта жеңіл, химия, металлургия, құрылыс және жиһаз өнеркәсібі, машина жасау, қағаз бұйымдары мен азық-түлік тауарларын қоса алғанда, 4 201 тауарға мұндай жеңілдіктер белгіленген. Бұл тауарлар бірінші кезекте жергілікті өндірушілерден сатып алынады, бұл қазақстандық өндірісті дамытуға бірегей жағдай жасайды.
Мұндай қолдау қазірдің өзінде нақты нәтиже берді. Ағымдағы деректерге сәйкес, басым құқықтар бойынша отандық тауар өндірушілермен жасалған келісім-шарттар көлемі 1,4 есеге өсіп, 106 млрд теңгеге жетті. Әсіресе, химия өнімдерін (700 млн теңгеден 2 млрд теңгеге дейін), қағаз бұйымдарын (100 млн теңгеден 1,7 млрд теңгеге дейін), машина жасауда (54,4 млрд теңгеден 86,1 млрд теңгеге дейін) және жеңіл өнеркәсіп саласындағы (13,6 млрд теңгеден 13,8 млрд. теңгеге дейін) сатып алуларда айтарлықтай өсім байқалады.
Ұлттық режимнен алып тастау отандық өндірістің өсуіне ықпал етіп, жергілікті жеткізушілерді қолдайтынын және қазақстандық экономиканың одан әрі дамуы үшін ынталандыру жасайтынын осы сандар дәлелдейді. Бұл тек ішкі нарықты қорғау емес, күшті және бәсекеге қабілетті ұлттық экономика құру жолындағы алға жасалған қадам.