Ойыл ауданының үш ауылында жақын күндері жаңа үйлер пайдалануға берілмек

Ойыл ауданының үш ауылында жақын күндері жаңа үйлер пайдалануға берілмек

Өткен аптада Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Кемер ауылында су тасқынынан зардап шеккен 2 тұрғынға жаңа баспананың кілті табысталған еді. Енді жақын күндері Ойыл, Бестамақ және Ақкемер ауылдарының тұрғындары жаңа қоныстарына көшеді.

Тасқын кезінде Бестамақ, Ақкемер және Кемер ауылдарында барлығы 23 үйге су кіріп, жарамсыз болып қалды. Саралжың ауылдық округінің әкімі Марат Тәжіғалиевтің айтуынша, мемлекет қолдауының арқасында құрылыс компаниялары шұғыл іске кірісіп, уақытылы баспана құрылысын бастап кеткен.

«Саралжың ауылдық округі бойынша көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге тұрғын үй құрылысы маусым айында басталып, тамыз айының ортасында пайдалануға берілді. Сонымен қатар Бестамақ елді мекеніндегі 2 үйді осы аптаның аяғында тапсырамыз. Ақкемер елді мекенінде 16 үйдің құрылысы жүруде, оларды айының аяғында тапсыру жоспарланған. Саралжың мен Бестамақ елді мекенінде құрылыс жұмыстарына МК «Құрылыс» компаниясы, Ақкемер елді мекенінде «Хаус Мастер» компаниясы жауапты. Жұмыстар сапалы атқарылуда. Қазіргі таңда үйдің ішкі жұмыстары жүргізіліп жатыр»   - деді ауыл әкімі М.Тәжіғалиев.

 Жалпы, Ойыл ауданы бойынша көктемгі су тасқыны кезінде 328 үй суға кетіп, 307-сі жарамсыз болып қалды. Аудан орталығынан Қаратал, Екпетал ауылдарының ауыл тұрғындарына 133 дайын тұрғын үй сатып алып берілді. Ауданда барлығы 172 үй салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары биылғы жылдың тамыз-қыркүйек айлары аяқталып, қолданысқа беріледі деп күтілуде.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Ахуалдық орталығының мәліметінше, Ақтөбе облысында 500 үйдің құрылысы жүргізілуде, тұрғын үй сатып алу және жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда зардап шеккендерге  178 жеке тұрғын үй салынды, 495 үй сатып алынды, 3047 үйде жөндеу жұмыстары аяқталды.