Ақтөбе облысының Темір ауданында су тасқынынан кейінгі қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр

Ақтөбе облысының Темір ауданында су тасқынынан кейінгі  қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр

Тұрғын үйлерді қалпына келтіру шаралары аясында Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету жалғасуда.

Бүгінгі күні Темір ауданында үйлер салынып, әлеуметтік нысандар, жолдар жөнделуде, ағын судан бұзылған қорғаныс бөгеттері қалпына келтірілуде. 

Темір ауданының әкімі Саламат Аманбаевтың сөзінше, су тасқыны кезінде Шұбарқұдық, Құмсай, Шитүбек және Еңбекші ауылдарында 98 үй су астында қалған. Комиссияның қорытындысы бойынша 41 үй қалпына келтіруге жатады деп есептелді. Бұл үйлерді жөндеуге бюджеттен 224,3 миллион теңге бөлінді. Қалған 57 үй апаттық жағдайда деп танылды.

Тұрғын үйінен айырылған 36 тұрғын үй үшін Болат Өтемұратов Қоры, «Қамқор – Ақтөбе» және «Dar charity» қаржысы есебінен дайын үйлер сатып алынды. Бұл мақсатқа 635 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалды. Құмсай ауылындабұдан басқа 21 отбасы үшін жаңа үйлер салынуда. Мердігерлер бұл жұмысты тамыздың соңына дейін бітіруге уәде беріп отыр. Қазіргі уақытта үйлер инженерлік желілерге, су, газ және электр қызметтері қосылуда.

Темір ауданында 63 отбасы материалдық шығындар үшін 26 миллион теңгеден астам өтемақы алды.

Сонымен бірге, ауданда Қызылжар орта мектебі ғимаратын қалпына келтіру,  Тасқопа селосына кіреберіс су өткізу құбыры, Жамбыл ауылы маңындағы Темір өзені үстіне салынған көпір жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оған қоса, 2 қорғаныс бөгет құрылысы басталды.

ҚР ӨҚМ Ахуалдық орталығының мәліметінше, Ақтөбе облысында салынып жатқан 500жеке тұрғын үйдің 166-ында құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді.  Сонымен қатар, зардап шеккен отбасыларға екінші нарықтан 495 үй сатып алынды, 3047 үйде жөндеу жұмыстары аяқталды.