
Темір ауданы Саркөл ауылдық округіне қарасты Құмсай ауылының су тасқынынан зардап шеккен тұрғындары үшін 21 үй салынып бітті.
Қазіргі таңда құрылысшылар бой көтерген баспаналардың ішін әрлеу жұмыстарымен айналысуда. Әр бөлмеге есік, терезелері салынды, жуынатын бөлмелердің жабдықтары орнатылып жатыр. Сондай-ақ, коммуналдық мекеме мамандары электр, газ және су желілерін тартуда.
Құмсай ауылындағы үйлерге «Taf Company» ЖШС және «МұғалжарСтрой» ЖШС мердігер компаниялары жұмылдырылды.
Сондай-ақ, Темір ауданында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, су тасқынынан зардап шеккен 36 отбасына екінші нарықтағы дайын үйлер сатып алынды.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Ахуалдық орталығының мәліметі бойынша Ақтөбе облысында 502 жеке тұрғын үйлердің құрылысы жалғасуда. Оның 144 үйлері пайдалануға берілді. Сондай-ақ, зардап шеккен азаматтарға 495 үй сатып алынды, 3047 үйде жөндеу жұмыстары аяқталды.