
Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселесі қаралды. Қабылданып жатқан шаралар туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев баяндады.
2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі 5,1%-ға өскені атап өтілді. Қара және түсті металлургияда, химия, машина жасау салаларында және жиһаз өндірісінде оң динамика байқалады. Жыл соңына дейін өңдеу өнеркәсібінің негізгі салаларында өсімді қамтамасыз ету жоспарлануда. Осы мақсатқа жетудің негізгі тетігі отандық өндірісті қолдау болып саналады. Ол үшін бірқатар заңнамалық өзгерістер қабылданды.
«Мемлекеттік сатып алуда басымдығы бар отандық тауарлардың тізбесі кеңейтілді. Оффтейк-келісімшарттар жасасу тетігі пысықталды. Объектілерді салу кезінде мемлекеттік бюджет есебінен қазақстандық өндірістің тауарларын пайдалану бойынша бақылау енгізілді. ҚПҚ жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларында отандық тауарларды жеткізуге шарттар жасасу, көмірсутег шикізаты және уран жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларында отандық тауарларды сатып алу бойынша талаптар белгіленді. Табиғи монополиялар субъектілері үшін конкурстық өтінім бағасын 10% төмендету есебінен отандық тауарларды басым сатып алу белгіленген. Бұдан басқа, «Самұрық-Қазына» қорының сатып алуларында ұзақ мерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттар жасасу шарттары жетілдірілді», — деді Қанат Шарлапаев.
Министр ОТӨ-ні қолдаудың жаңа шараларын сәтті қолдану мысалдарын атап өтті. Бұл «Радуга» ЖШС, оның өндірісінің жүктемесі қағаз өнімдерін мемлекеттік сатып алудың арқасында 12%-дан 100%-ға дейін ұлғайды. «Лакра» ЖШС және «Marschall» ЖШС мемлекеттік сатып алуларға қатысу есебінен өндіріс жүктемесінің айтарлықтай өскенін көрсетті. 2024 жылдың сәуір айында іске қосылған «Metal Former» ЖШС зауыты 3,6 млрд теңгеге өнім өндіріп, «Жайлы мектеп» жобасының арқасында өндірістің толық жүктелуіне қол жеткізді.
Қазақстандық компаниялар мен ірі тапсырыс берушілер серіктестікті нығайтуда
Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев ірі тапсырыс берушілер мен отандық өндірушілер арасында ұзақ мерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттар жасасу барысы туралы хабардар етті. Бұл бағыт ОТӨ қолдау және елішілік құндылық үлесінің өсуі үшін маңызды саналады.
Мәселен, биыл шамамен 635 млрд теңге сомаға 382 ұзақ мерзімді шарт және оффтейк-келісімшарт жасалды. Көрсеткіштер соңғы жылдары рекордтық сан болып табылады.
«ERG, KazMinerals, Казцинк, Қазақмыс, Qarmet, Алтыналмас сияқты тау-кен металлургия кешенінің ірі компаниялары белсенді жұмыс жүргізуде. Бұл кәсіпорындар отандық өндірушілермен 122 млрд теңгеге 139 ұзақ мерзімді келісімшарттар мен офтейк-келісімдер жасасты. Өткен жылмен салыстырғанда олардың саны 4,2 есе, ал ақшалай түрде – 3,1 есе өсті. Тауарлар арасында бұрын өндірілмеген трансформаторлар, редукторлар, бекіту арматурасы, шахталық жабдықтар мен сорғы агрегаттары бар», — деп атап өтті Қанат Шарлапаев.