ҚОСТАНАЙДА СУ ТАСҚЫНЫ САЛДАРЫНАН АПАТТЫ ДЕП ТАНЫЛҒАН ҮЙЛЕРДІ БҰЗУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

ҚОСТАНАЙДА СУ ТАСҚЫНЫ САЛДАРЫНАН АПАТТЫ ДЕП ТАНЫЛҒАН ҮЙЛЕРДІ БҰЗУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Облыс орталығында «Колесные ряды» ауданында қалпына келтіруге жатпайтын алты үй бұзылды.

Айта кету керек, техникалық сараптаманың қорытындысы бойынша қалада 110 үй апатты деп танылды, олардың иелері жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Жер учаскелері заң бойынша жылжымайтын мүлікпен бірге иелерінің жазбаша келісімімен мемлекет меншігіне өтеді.

Меншік иелеріне үйлерді бұзуға дейін уақыт берілген болатын, бұл уақыт ішінде олар қалған мүлікті немесе құрылыс материалдарын ала алады. Үйлерді бұзғаннан кейін әр учаскені дезинфекциялау және дератизациялау жұмыстары жүргізілуде.

Үйлері жөндеуге жарамды деп белгіленген азаматтарға қажетті қаржы төленді. Қазіргі уақытта жөндеудің әртүрлі кезеңдерінде жүзге жуық үй бар.

Бұзылған үйлердің орнында рекреациялық аймақты жайластыру жоспарлануда.

ҚР ӨҚМ Ахуалдық орталығының мәліметінше, Қостанай облысында 57 жеке тұрғын үй салынып аяқталды, 96 нысан бойынша құрылыс жалғасуда. Сонымен қатар, зардап шеккендерге 315 үй сатып алынды, 815 үйде жөндеу жұмыстары аяқталды.