Теректі ауданы: Басты міндет - өңірдің зардап шеккен тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз ету

Теректі ауданы: Басты міндет - өңірдің зардап шеккен тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз ету

Теректі ауданы аймақтағы ең көп зардап шеккен аудандардың бірі. Ауданда 131 үй, оның ішінде Подстепное ауылында 106 үй салынуда. Биыл көктемде су тасқыны салдарынан зардап шеккен үйлердің орнына жаңа жеке тұрғын үйлер салынады.

Подстепное ауылындағы құрылыс алаңында 300-ге жуық жұмысшы тартылған. Құрылыста 8 мердігер жұмыс істеуде.

Салынып жатқан 106 үйде қабырғалар тұрғызылып, 100 үйде шатыр орнату жұмыстары аяқталды, жартысының көбінде сылау жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ, 49 үйде әрлеу жұмыстары жалғасуда. Оған қоса, есіктер мен терезелерді орнату, сыртқы желілерді орнату жұмыстары жалғасуда.

Үйлер тамыз айының соңына дейін пайдалануға беріледі.

- Біздің басты міндетіміз - өңірдің зардап шеккен тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз ету. Сондықтан құрылыс алаңдарында қарқынды жұмыс істеу қажет. Белгіленген мерзімде құрылысты аяқтау керек. Бәрін де сапалы жасау керектігін ұмытпау керек, - деді мердігерлермен кездесуде Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова.

Ауданда тағы  Аңқаты мен Теректі ауылдарында 25 үйдің құрылысы жүргізілуде. Мұнда барлық қабырғалар көтеріліп, үй шатырларын жабу жұмыстары аяқталды. Үйлерге терезе, кіреберіс есіктерді орнату және әрлеу жұмыстары жүргізілуде.

Құрылыс барысын gov.kz порталы арқылы онлайн режимде бақылауға болады.

Айта кетерлігі, Теректі ауданында 30 отбасына екінші нарықтан тұрғын үй сатып алынды, барлық 394 үйде жөндеу жұмыстары аяқталды.

ҚР ӨҚМ Ахуалдық орталығының мәліметінше, Батыс Қазақстан облысында 775 үйдің құрылысы жүргізілуде, тұрғын үй сатып алу және жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда зардап шеккендерге 1065 үй сатып алынды, 1290 үйде жөндеу жұмыстары аяқталды.