"ЕвроХим" компаниясы Қазақстанда инвестициялық жобаны іске асырудың жаңа кезеңін бастайды

"ЕвроХим" компаниясы Қазақстанда инвестициялық жобаны іске асырудың жаңа кезеңін бастайды

Жамбыл облысындағы "ЕвроХим" Минералды-химиялық компаниясының «Минералдық тыңайтқыштар шығару зауытын салу және пайдалану» жобасын жүзеге асыру туралы келісімге екі мемлекеттің үкіметтері атынан Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Ермек Көшербаев пен Ресейдің Өнеркәсіп және сауда министрі Денис Мантуров қол қойды.

Жоба шеңберінде Қаратау фосфорит бассейнінің кен орындарын игеру және қуаты 1 млн.тоннаға дейін минералды тыңайтқыштар мен индустриялық өнімдер өндіретін жаңа зауыт салу көзделіп отыр. Химиялық кәсіпорын Жамбыл облысында кемінде 1200 жаңа жұмыс орнын ашу мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта инвестиция көлемі шамамен 270 млн. АҚШ долларын құрады, алдағы уақытта тағы да 800 млн. АҚШ доллары көлемінде қаржы құю көзделуде.

Бүгінде «ЕвроХим» МХК» ААҚ фосфорит кен орнын барлау және игеруді бастау, 640 мың тонна фосфорит ұнын өндірудің жыл сайынғы қуаты бар тау – кен кешенін пайдалануға беру бойынша жобаның бірінші кезеңін табысты жүзеге асырды.

Қол қойылған келісім негізінде жобаның екінші кезеңін іске асыруға көшу мүмкін болады. Қолданыстағы өндірісті кеңейту, сонымен қатар химия саласындағы экологиялық және ең үздік технологияларды пайдалана отырып, алдағы жылы зауыт құрылысын бастау көзделген. "ЕвроХим "МХК" ААҚ-ның жаңа технологиялары фосфат кенін дайын өнімге толық өңдеу есебінен қоршаған ортаға әсерді барлық қалдықтар бойынша ең төменгі шамаға дейін азайтуға мүмкіндік береді.

"Бұл жобаны жүзеге асыру Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына оңтайлы әсер етпек, нақтырақ айтатын болсақ тұрғындардың бос уақытын қызықты өткізу бағытында жұмыстар жүргізілмек. Саябақтар, мәдениет, спорт үйлері салынады; балабақшалар мен мектептердің материалдық-техникалық базасы жаңартылады; жергілікті халыққа жұмыс орындарын ұсыну, жастарды жоғары оқу орындарында оқыту және зауытта жұмысқа орналастыру көзделген. Сондай-ақ,  құрылыс кезеңінде 2000 адамды, зауытты пайдалану кезеңінде 1200 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр", - дейді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.

Министрдің айтуынша, аталған жобаны іске асыру агроөнеркәсіптік кешенін, құрылыс индустриясын, мұнай-газ өндіру, сауда және ШОБ-ты дамыту үшін айтарлықтай серпін береді, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға, импорт алмастыруды және елдің экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал етеді.

Бұдан бөлек, тиімділігі жоғары минералдық тыңайтқыштар өндірісі ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі мен сапасын арттыруға, аталмыш саланың жалпы өнім көлемі мен өнімділігін арттыруға, өсірілетін жерлерді мелиорациялауға және тозған жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына қайтаруға мүмкіндік береді. Осылайша, дәнді дақылдарға, көкөністерге, жемге өзіндік құнын төмендету, сондай-ақ елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту көзделеді. Өз кезегінде қалдықсыз және жоғары экологиялық өндіріс жасыл экономиканың дамуына елеулі үлес қосады.

Айта кету керек, "ЕвроХим" МХК " ААҚ Қазақстанға келген уақыт ішінде салық аударымдары 11 млрд. теңгеден асты, өңірді дамытуға бөлінген әлеуметтік аударымдар 21 млн. АҚШ долларын құрады. Қазіргі уақытта "ЕвроХим- Удобрения" ЖШС 269 адамды, ал "ЕвроХим-Қаратау " ЖШС 201 адамды жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді.

Бұдан бөлек, "ЕвроХим "МХК" ААҚ қаражаты есебінен Жамбыл облысындағы коммуналдық инфрақұрылымды қалпына келтіру жөніндегі шұғыл мәселелер шешімін тапты. Мысалы, қала тұрғындарын тәулік бойы су құбыры суымен жабдықтау қамтамасыз етілді, тұрғын үйлерде, орта мектептер мен балабақшаларда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, аудандық ауруханалар үшін реанимобильді жедел жәрдем көліктері сатып алынды, сондай-ақ дене шынықтыру-сауықтыру кешені, әкімшілік ғимарат, жатақхана және футбол клубының спорт кешенінің асханасы салынды.