Жағабұлақ және Бірлік ауылдарының тұрғындары қоныс тойға дайындалуда

Жағабұлақ және Бірлік ауылдарының тұрғындары қоныс тойға дайындалуда

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға арналған тұрғын үй құрылысы мен қалпына келтіру жұмыстарының барысы туралы ақпарат беруді жалғастыруда.

Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында көктемгі су тасқынының салдарын жою жұмыстары жалғасуда. Қарғын судан барлығы 76 үй, 3 коммерциялық нысан және 8 фермерлік шаруашылық зардап шекті.

Бүгінгі күні баспанасынан айырылған жағабұлақтар үшін 9 жаңа үй, Бірлік ауылының тұрғындары үшін 5 үй салынуда. 55 отбасы қайталама нарықтағы дайын тұрғын үйге қоныстанды, 7 үй қайта жөнделді. Қалған ауыл тұрғындары жаңа үйлерге көшуді күтуде.

Жағабұлақта «Айлин Строй Проект» ЖШС 9 жаңа үйдің құрылыс жұмыстарын аяқтауға жақын. Бір-екі күнде олар пайдалануға беріледі.

«Билікке бізді қолдаусыз қалдырмағанына өте ризамыз. Комиссия апатты үйлерге дер кезінде сараптама жүргізді. Барлығы әділетті түрде жасалды. Біреу дайын баспана алды, біз жаңа үйлерімізді күтіп, көшуге дайындалып жатырмыз», – деді жергілікті тұрғын Бақытжан Қобланов.

Бірлік ауылында 5 үйдің 3-еуі толықтай пайдалануға дайын. Екеуінде ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл үйлерді де «Айлин Строй Проект» ЖШС салды. Мердігер ұйым өкілдері жақын арада барлық жұмыстарды аяқтайын деп жатыр. Бірліктің тұрғындары жаңа баспаналарында қоныс той тойлайтын күнді асыға күтіп жүр.

«Иә, табиғи апат бізді аяған жоқ. Біраз уақыт баспана жалдадық. Жаңа баспанамыз дайын, көп ұзамай көшіп келеміз. Барлық зардап шеккендерге көмек пен қолдау көрсеткен жерлестерге рахмет», – деді Бірлік ауылының тұрғыны Аманғали Рамазанов.