
Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға тиісті көмек көрсетуді тапсырған болатын. Осы ретте, Батыс Қазақстан облысында су тасқыны салдарынан баспанасы «жарамсыз» деп танылған жандарға пәтерлер сатып алынып, жаңадан 775 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді.
Бүгін Сырым ауданында 14 үй және Бәйтерек ауданында 6 пәтер жоспарлы мерзім ішінде салынып, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға берілді.
Тұрғын үйлердің кілттерін табыстау рәсіміне Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов қатысып, қоныс иелерін құттықтады.
Су тасқынынан зардап шеккендерге заң аясында жан-жақты қолдау көрсетілуде. Бүгінде тұрғындарға 100 АЕК біржолғы әлеуметтік көмек және дүние-мүліктері үшін 150 АЕК төлемдері толығымен өтелді. Сонымен қатар су тасқыны зардабын тигізген үйлердің 90 пайызынан астамына тұрғын үйін жөндеуге және қалпына келтіруге өтемақы берілді. Ендігі кезекте, құрылыс жұмыстары аяқталған баспаналардың алғашқы легі халық игілігіне пайдалануға берілуде. Тамыздың алғашқы екі күнінде 80 үйдің құрылысы аяқталып, тұрғындарға табыс етілді», - деді облыс әкімінің орынбасары.
Жаңа пәтерлер «Nostrum Oil and Gas» компаниясы мен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының демеушілігімен салынды.
Бәйтерек ауданының тұрғыны Жұмажан Жұрұмбаев көктемгі су тасқыны кезінде жалғыз баспанасы суға кеткен. Араға 4 ай уақыт салып, жаңа баспанасына қол жеткізгеніне қуанышты.
«Мемлекеттің қолдауының арқасында барлық қиындықтар артта қалды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына алғысымызды білдіреміз. Далада қалмадық. Алдағы уақытта тек жақсылықтар бола берсін», - деді Жұмажан Жұрұмбаев.
ҚР ӨҚМ Ахуалдық орталығының мәліметінше, Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккендер үшін жеке тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде, сондай-ақ тұрғын үй сатып алу және жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда зардап шеккендерге 1026 үй сатып алынды, 1263 үйде жөндеу жұмыстары аяқталды.