
Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға тиісті көмек көрсетуді тапсырған болатын. Осы орайда көктемгі су тасқыны салдарынан Бөрлі ауданы бойынша барлығы – 126 үй апатты деп танылды. Соның ішінде 66 тұрғын үй иелері үшін пәтерлер сатып алынып, қалған 60 үй иелері үшін тұрғын үй құрылыстары жүргізілді.
Нәтижесінде Ақсу ауылында – 23, Кеңтүбек ауылында – 11, Пугачев ауылында – 12, Аралтал ауылында – 14 тұрғын үйдің құрылысы үстіміздегі жылдың 22 мамыр күні басталып, жоспарға сәйкес 1 тамызға дейін аяқталды.
Құрылыс жұмыстары «Ақсайгазсервис» АҚ, «Ақжайық», «Демеу» қорлары және «Qazaq Stroy Almaty» ЖШС демеушілігімен жүргізілді. Жалпы қаржыландыру көлемі 1,6 млрд. теңгені құрайды.
Пугачев ауылының тұрғындары Иманалиевтер отбасы жалғыз баспанасы суға кетіп, жарамсыз деп танылуына орай, олар жаңа пәтердің иесі атанды.
«Пугачев ауылына 2006 жылы отбасымызбен көшіп келіп, үй салып алдық. Сол салған үйімізді наурыз айының аяғында тасқын су басты. Дегенмен, арада көп уақыт өтпей бүгін баспаналы болып жатырмыз. Жарық, кең 3 бөлмелі, үлкен, барлық жағдайы жасалған баспанаға қол жеткізгенімізге өте қуаныштымыз. Осындай жағдай жасаған Мемлекет басшысына алғысымды білдіремін», - деді Иманалиева Ақкенже.
Бүгінде Бөрлі ауданында су тасқынан зардап шеккендерді баспанамен қамтамасыз ету мәселесі 100 пайыз шешілді.
ҚР ӨҚМ Ахуалдық орталығының мәліметінше, Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккендер үшін жеке тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде, сондай-ақ тұрғын үй сатып алу және жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда зардап шеккендерге 1004 үй сатып алынды, 1209 үйде жөндеу жұмыстары аяқталды.