
Ақмола облысына жұмыс сапары аясында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев көктемгі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арналған үйлер құрылысының барысын тексерді.
Бүгінгі таңда тұрғын үйлерді қайта қалпына келтіру шаралары бойынша ауданда 16 пәтер «Асар Ақмола» қоғамдық қорының қаражаты есебінен жалпы сомасы 115,7 млн теңгеге сатып алынды.
Жалпы сомасы 59,4 млн теңгеге 161 өтініш берушіге төлемдер жүргізілді, сондай-ақ жылжымалы мүлік бойынша 18,2 млн теңгеге 161 өтініш берушіге, жылжымайтын мүлік бойынша 230 млн теңгеге 188 өтініш берушіге өтемақы төленді.
Су тасқыны салдарынан үйлері апатты деп танылған тұрғындар үшін 21 жеке тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бүгінде 21 үйдің қабырғалары тұрғызылып, үй төбесін жабу жұмыстары жалғасуда. Құрылыс алаңында 50-ден астам жұмысшылар жұмыс істеуде.
Министр құрылыс жұмыстарын үдетуді және салынып жатқан үйлердің сапасына ерекше назар аударуды тапсырды. Сондай-ақ ол су тасқынынан зардап шеккен үйлердің құрылысы жеке бақылауында екенін еске салды.